
фото: tolqyn.kz
Елімізде үздік отандық фильмдердің онкүндігі басталды. Енді уақыт сынынан өтіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген кинотуындылар көрерменнің алдына өзі барады. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров баяндайды.
– Бұл 13 фильмнен тұратын топтама. Бұл жерде анимациялық фильмдерден бастап, деректі, көркем фильмдер ұсынылады. Біз бұл фильмдерді облыстарға тегін береміз. Ал олар барлық қала, аудан, ауыл, шалғай елді мекендерге көрсетіп, бізге есеп беруі керек, – дейді Әділет Омаров.
Атауы «онкүндік» болғанымен, фильмдер жыл бойы көрсетілмек. Отандық кинотуындыларды барлық қала, аудан, ауыл тұрғындары түгелдей тегін көре алады.
– Бұл онкүндік жылдың басында Қарағанды облысында басталған болатын. Содан кейін Жамбыл, СҚО-да болды. Қазір Батыс Қазақстан облысында жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде көрсетуді жоспарлап отырмыз, – дейді басқарма қызметкері.
Бұл шараның мақсаты – ел тұрғындарына сапалы фильмдерді көрсету. Солай кино мәдениетін қалыптастырып, ұлттық кинематография саласын дамыту.
– Біздің мақсатымыз – ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын фильмдерімізді бір ауылда бір ғана адам тұрса да, сол кісіге жеткізу. Өздеріңіз білесіздер, бізде кинотеатрлар облыс орталықтары мен қалаларда ғана бар. Ал аудандарда жоқ. Сондықтан біз осы бастаманы қолға алып, бүгінгі ұлттық киноның деңгейін көтеріп, көрерменді кәсіби сапалы фильмдерді көруге тәрбиелеуіміз керек, – дейді Ұлттық киноны қолдау орталығы басқарма төрағасының орынбасары.
Бұл фильмдерді көру үшін қалаға не аудан орталығына барып қажеті жоқ. Егер шалғай елді мекенде тұрсаңыз, 13 фильмнен құралған топтама алдыңызға өзі барады.
– Біз әр облыс әкімдіктерімен байланыстамыз. Олармен бірге кесте құрып, сол кестеге сай әр аудан, ауылдың мәдениет орталықтарында, мектептердегі АКТ залдарында техникалық мүмкіндікке сәйкес көрсетіп жатырмыз. Біз ұсынған фильмдерді көру үшін қалаға келудің қажеті жоқ. Керісінше, біз фильмдерді көрерменнің алдына алып барамыз, – дейді Әділет Омаров.
https://kaz.inform.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через