
фото: Caravan.kz
Әлемге әйгілі америкалық әнші, актриса Дженнифер Лопес 10 тамыз күні Алматыда жеке концертін өткізеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы informburo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлемдік жұлдыздың Қазақстандағы концерттерін ұйымдастырушы, продюсер Мәлік Хасенов Астанада өтетін концерт билеттері 3 сағат 51 минутта сатылып кеткенін айтты.
"Бірінші концертке шамамен 55 мың адамның 10 мыңнан астамы ғана билет алып үлгерген. Демек, 45 мың адамның қажеттігін қанағаттандырмадық. 12 мыңнан астам билет сатылса, шетелдік картадан 2 мыңнан астам транзакция жүргізілген. Нақты статистика концерт күні жақындағанда белгілі болады", − деді продюсер Qogam News Youtube-арнасына берген сұхбатында.
Дженнифер Лопестің Астанадағы концертіне билеттің бағасы тіпті 500-600 мың теңгеге дейін сатылған.
Бұл ретте Астанада және Алматыда өтетін Дженнифер Лопестің концерттеріне сатып алынған билеттерді кері қайтару мүмкін емес. Қазақстанда екінші концерттің ұйымдастырылуы дәл осы халықаралық тур менеджменті бекіткен шарт арқылы мүмкін болған. Билетті алыпсатарлармен де күрес жүргізіліп жатыр.
"Туристік операторлардың өздері билетті алып-сатумен айналысып кеткені қынжылтты. Біздегі ең қымбат билеттер 150-180 мың теңге болса, олар 500-600 мың теңгеге дейін сатты. Мұндай операторлармен жұмыс істеуді тоқтаттық. Олар тек қана билет емес, тұтас туристік пакет сатумен айналысуы керек", − деп түсіндірді Мәлік Хасенов.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через