
фото: https://pixabay.com/ru/
Алаяқ әуе билеттерін нарықтағыдан төмен бағамен ұсынған
Вьетнамға жалған әуе билеттерін сатқан Астана тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды қалалық прокуратура.
Әйелдің алаяқтық әрекеттері салдарынан 70-тен астам азамат Вьетнамға демалысқа бара алмай қалды. Олардың туристік жолдамалары жойылып, жәбірленушілер айтарлықтай қаржылық шығынға ұшыраған.
"Кінәлі тұлға әуе билеттерін нарықтағы бағадан төмен ұсынып, тұтынушыларға арнайы каналдар арқылы сатып алатынына сендірген. Алайда алаяқ шынайы билеттердің орнына жалған маршруттық түбіртектерді берген. Туристер әуе билеттерге тапсырыс болмағанын әуежайда ұшар алдында бір-ақ біледі. Зардап шеккендер арасында ересектер де, балалар да бар", - делінген хабарламада.
Жалпы материалдық шығын 17 млн теңгеден асты. Адамдар тек әуе билеттеріне ғана емес, қонақ үй, экскурсия, басқа да туристік қызметтерге шығындалған.
Алаяқ әйел 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген материалдық шығын өндірілді.
Прокуратура азаматтарға туристік қызметтерге төлем жасамас бұрын құжаттарды мұқият тексерудің қажеттігін ескертеді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через