Алматыда ерекше балет үйірмесі ашылды

Алматыда ерекше балет үйірмесі ашылды
фото: сурет видеокадрдан алынды

Ашық аспан астындағы балет сабағына кез келген адам қатыса алады. Би үйірмесін балет артисі әрі жарты ғасырлық тәжірибесі бар педагог Алмат Құмаржанов жүргізеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бір ай бұрын басталған үйірмеге келушілердің қатары да көбейіп келеді.  Сәуір айынан бері Тереңқұр аллеясында таң ата әдемі музыка ойнатын болды. Таза ауа, арайлап атқан күн нұры үйірмеге қатысушыларды шабыттандыра түседі. Хореографиялық залда өтетін балет сабағы осылайша табиғатпен әдемі үйлесім тапқан. Биге келушілердің дені зейнет жасындағы адамдар. Сондықтан балетмейстер Алмат Құмаржанов би элементтерін адам жасына лайық, аяқ-қол буындарын көп қимылдайтындай етіп ойластырған.     

Алмат Құмаржанов, Абай атындағы ҚАЗҰПУ хореография мұғалімі: - Біз бастаған кезде денені қыздырып алу үшін, өте баяу бір музыканы аламыз, сосын кейін 3-4 мин денені қыздырғаннан кейін, тез-тез қимылдайтын музыканы аламыз да сосын кейін олар кішкене ентігіп қалған кезде, қайтадан баяу ана демалып, демді шығарып деген сияқты, соны ауыстырып отырамыз.

 Таңғы хореография сабағы шамамен бір сағаттай болады. Әр сабақтың билері әртүрлі. Алмат Құмаржанов келушілердің көңіл күйі мен физикалық жағдайына қарай музыка мен би қимылдарын ойдан құрастырады екен. 

 Алтын Бекәлиева, Алматы қаласының тұрғыны - Жасым 75-те. 74-ке келгенде мен өзім өмірімде бір тренер таптым. Бір тренер менде денсаулық тренерім сонан кейін қазір бидің тренері, 2 тренерім. Өмірім өзгерді өзім тынысым ашылып, көңілім көтеріліп, энергиям пайда болып жатырмын.

 КТМ: Алмат Құмаржановтың айтуынша, ашық аспан астындағы үйірме идеясы салауатты өмір салты клубынан басталған. Қазір мұнда 20-дан астам адам тұрақты түрде келіп тұрады. Болашақта шағын би ансамблін құрып, қалалық алаңда үлкен флешмоб өткізуді жоспарлап отыр.