
фото: pixabay.com
Кәмелеттік жасқа толған бала кішкентай күнінде желіге жарияланған суреті үшін ата-анасын жауапқа тарта алады. Яғни, жасөспірімге ескі фото-видеосы ұнамаса, оны парақшаға жүктеген әке-шешесінен айыппұл өндіруге құқылы. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Еліміздің азаматтық кодексінің 145-бабына сәйкес, адамның фото немесе видеосы тек оның келісімімен ғана жариялануға тиіс. Ал кәмелет жасына толмаған баланың бейнесін әлеуметтік желіге жүктеуге тек оның ата-анасы ғана құқылы. Алайда, бүлдіршін "әке-шешем суретімді рұқсатсыз жариялады дейтін болса, онда ол 18 жасқа толғаннан кейін ата-анасынан фотоларды өшіруін талап етіп, қажет болған жағдайда моральдық шығын өндіріп ала алады.
"Иә, егерде бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін егер оның фотосуреттері әлеуметтік желілерде жарияланып, оның құқықтарына немесе абыройына нұқсан келтірілген болса бала өзінің ата-анасына қарсы сотқа жүгіне алады. Сот қарау кезінде нақыт жағдайларды ескереді. Яғни, бұл фотосуреттердің мазмұны қандай, қандай контексте жарияланған және моральдық зиян бар ма, жоқ па соны анықтайды", – деді заңгер Алина Тойбай.
Бүгінде жұлдыздар мен блогерлер жаңа туған сәбилерінің әр қадамымен бөліседі. Тіпті, бүлдіршіндерге жеке парақша ашып, блогерлікке баулитындар да бар. Бірақ, көпшілік мұны қолдай қоймады.

Фото: pixabay.com.
Мамандар балалардың суретін жүктерде сақ болуға шақырады.
Мәселен, бүлдіршіннің жалаңаш немесе жартылай жалаңаш бейнесін жариялауға болмайды. Сонымен қатар баланың жиі уақыт өткізетін орны мен мекен-жайын айғақтайтын сурет салмауға кеңес береді. Өйткені, алаяқтар дәл осы фото арқылы жүргенін жерін тез анықтап, өзінің арам ниетін іске асыруы мүмкін. Бұнымен қоса, оның жеке деректерін көрсететін суреттерді жүктемеген жөн.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через