
фото: https://pixabay.com/ru/users/visitalmatykz-
Шарын шатқалына үш айда 5 мың шетелдік турист келген.
Оларды биік жартасты шатқалдар мен Шарын өзенінің аңғарындағы қалың орман және жан-жануарлар дүниесі қызықтырады. Саяхатшыларды көптеп тарту үшін ұлттық парк аумағында түрлі экологиялық жоба жүзеге асып, географиялық зерттеу жүріп жатыр. Шарын шатқалына деген туристердің қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Мәселен 20 жыл бұрын мұнда небәрі 800 турист келсе, өткен жылы 127 мың адам ат басын тіреген. Ал биыл 170 мың саяхатшы келеді деген жоспар бар. «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Алматы облысының Ұйғыр, Еңбекші қазақ, Кеген аудандарында орналасқан. Үкімет қаулысымен 2009 жылы парк аумағы 93 150 гектардан 127 мың гектарға дейін кеңейді. Мұнда қазір «Таза турист» экологиялық жобасы жүзеге асып жатыр.
Былтыр шатқалға түсетін баспалдақ жаңартылып, туристерді тасымалдауға арналған жаңа автокөліктер сатып алуға қаржы бөлінді. Енді саяхатшыларға бұрынғыдай УАЗ көліктері емес, элекр қуатымен жүретін гольфкарлар қызмет көрсете бастайды.
Әлем бойынша мұндай шатқал екі жерде бар. Бірі АҚШ-тың Аризона штатында, ал екіншісі Қазақстанда орналасқан. Келушілердің көбі Шарынның тұмса табиғаты мен ерен тоғайын тамашалап, таза ауада серуендегенді ұнатады.
«Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» аумағында қауіпті процестерді анықтап, оның алдын алуға арналған географиялық зерттеулер жүріп жатыр. Өйткені 2021 жылы мұнда алапат сел жүріп, екі адам қаза болған еді.
Шарын саяхатшыларды ашық аспан астындағы мұражайға кіргендей әсерге бөлейді. Алдағы уақытта мұнда жаңа бақылау өткізу пункті салынып, үш жолақты тас жол төселеді. Екі жолақ туристердің кіруіне, енді бірі шығуға арналады. Ол өз кезегінде саяхатшылардың парк аумағына кезексіз кіріп-шығуын қамтамасыз етеді...
https://24.kz/kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через