
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/AndreyPopov
Егер азамат жұмыстан шығып қалса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) жиналған қаражат есебінен оған әлеуметтік төлем беріледі. Бұл төлемді алу үшін азамат Enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеліп, тиісті өтініш беруі қажет.
Әлеуметтік төлем қалай төленеді?
Мемлекет жұмысынан айырылған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында жиналған қаражат есебінен төлем тағайындайды. Бұл қорға жұмыс берушілер ай сайын еңбек шарты жасалған қызметкерлер үшін міндетті түрде аударым жасайды.
Жәрдемақы алу шарттары қандай?
Жәрдемақы алу үшін азамат келесі талаптарға сай болуы керек:
Соңғы 24 айда кемінде 6 ай әлеуметтік төлем аударылған болуы тиіс;
Азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы қажет;
Өтініш онлайн түрде ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) көмегімен рәсімделеді.
Жәрдемақы алу жолы: 8 қадам
1-қадам. Enbek.kz порталына тіркеліп, жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Бұл үшін ЭЦҚ керек.
2-қадам. Жеке кабинетке кіріп, түйіндеме толтырыңыз.
3-қадам. “Мемлекеттік қызметтер” бөлімінде жұмыс іздеуші ретінде тіркеліңіз. Тіркеу үшін ЭЦҚ-мен өтінішке қол қойыңыз.
4-қадам. Ашылған өтініш формасына жеке мәліметтерді енгізіңіз. Бұл түйіндеме Enbek.kz порталында жарияланып, жұмыс берушілерге көрінетін болады.
5-қадам. “Жұмыс іздеуші ретінде тіркелу” батырмасын басып, ЭЦҚ, SMS немесе QR-код арқылы қол қойыңыз. Портал сізді жұмыспен қамту орталығына тіркейді.
Тіркеле алмайтындар: жұмыс істеп жүргендер, жеке кәсіпкерлікті белсенді жүргізіп жүргендер, зейнеткерлер, студенттер, мектеп оқушылары, 16 жасқа толмағандар.
6-қадам. Тіркеу нәтижесі туралы SMS хабарлама аласыз. Егер 3 жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс табылмаса, сіз автоматты түрде жұмыссыз ретінде тіркелесіз.
7-қадам. Жұмыссыз ретінде тіркелген соң, порталда “Жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем” қызметін таңдаңыз.
8-қадам. 20 таңбалы банк шоты мен байланыс деректерін (телефон, e-mail) енгізіп, өтінішті жіберіңіз. Құжатқа ЭЦҚ, SMS немесе QR-код арқылы қол қою қажет.
Өтініш қандай жағдайда қабылданбауы мүмкін?
Жалған мәлімет енгізілсе;
Құжаттарда сәйкессіздік болса.
Кемшілік жойылғаннан кейін өтінішті қайта тапсыруға болады.
Жәрдемақы мөлшері қалай есептеледі?
Соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударым сомасына байланысты;
Бірыңғай түзету коэффициенті: 0,45;
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай белгіленеді.
Жәрдемақы қанша уақыт төленеді?
Әлеуметтік аударым төленген мерзім | Жәрдемақы төлену мерзімі |
---|---|
6 ай – 12 ай | 1 ай |
12 ай – 24 ай | 2 ай |
24 ай – 36 ай | 3 ай |
36 ай және одан жоғары | 4-6 ай |
Қоғамдық жұмысқа немесе оқуға жіберілсе...
Қоғамдық жұмысқа тартылғанда немесе кәсіптік оқуға жіберілгенде жәрдемақы сақталады.
Қандай жағдайда әлеуметтік төлем тоқтатылады?
Жас шектеуі бойынша;
Азаматтың өтініші бойынша;
Жұмыспен қамту орталығы тіркеуден шығарса;
Құжаттарда жалған мәлімет болса;
Азамат Қазақстаннан кетсе немесе азаматтығын жоғалтса;
Сотталып, жазасын өтеу жағдайында;
Төлем алушы қайтыс болса.
Қосымша ақпаратты Egov.kz порталы арқылы да алуға болады. ЭЦҚ-мен кіріп, “Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы” ретінде өз деректеріңізді тексеруге мүмкіндік бар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через