Түркістан облысында 300 оқушыға арналған музыкалық мектептің құрылысы басталды

Түркістан облысында 300 оқушыға арналған музыкалық мектептің құрылысы басталды
фото: Бас прокуратура

Өнер мектебі қайтарылған активтер есебінен салынады

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында жаңа музыкалық өнер мектебінің құрылысын бастау шеңберінде уақыт капсуласын салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Бас прокуратура.

Мектептің құрылысы - мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған капиталды халық игілігі үшін тиімді пайдалану аясында үкіметпен мақұлданған өңірдегі алғашқы әлеуметтік жобалардың бірі.

"Салтанатты рәсімде қатысушылар жергілікті тұрғындарды құрылыс жұмыстарының басталуымен құттықтап, ауыл ақсақалының батасынан кейін болашақ ұрпаққа арналған уақыт капсуласын салды. Құны 890 млн теңге тұратын 300 оқушыға арналған жаңа мектеп көршілес ауылдардың оқушыларын да қабылдайтын болады", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін ауылда музыкалық мектеп 1974 жылы салынған, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр. Дегенмен жұмысын жалғастырып келеді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес үкімет арнайы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту салаларына 280 әлеуметтік нысанның құрылысын қаржыландыру үшін қаражат бөлді.

Бұл жобалар елді мекендерді дамытуға бағытталған кешенді тәсілдің бірі болып табылады.

ҚазАқпарат