TravelStan: ЖИ негізделген мобильді қосымша әзірленеді

TravelStan: ЖИ негізделген мобильді қосымша әзірленеді
фото: pexels.com

Қазақстанда туристерге арналған TravelStan мобильді қосымшасын әзірлеу бастамасы көтерілді.Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бүгінгі таңда еліміз туристерге әртүрлі форматтағы саяхаттарды ұсынады. Атап өтсек: танымдық экскурсиялық бағыттар, этномәдени және экологиялық турлар, таулы курорттар мен Каспий жағалауында демалыс, аңшылық, балық аулау және альпинизм. Дегенмен шетелдіктердің көбісі мұндай турситік бағыттардан бейхабар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа мобильді қосымша дайындалады. 

- Шетел туристерінің Қазақстанға келуі ақпарат іздеуден басталады. Цифрлық дәуірде олар қажетті қызметті, яғни әуе билеттерін, қонақ үйін, турларды онлайн сатып алады. Ал елге келгенде навигация үшін түрлі карта және саяхат сервисін қолданады. Министрлік туристің жол картасын зерттеп, оның бойындағы қызметтің шашыраңқы екенін анықтады. Бұған қоса, кейбір қызмет мүлде цифрландырылмаған. Мысалы, ұлттық парктер немесе музей-қорықтарға онлайн билет алу мүмкін емес, - деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.

Осы орайда министр Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталында жалпы саяхатшыларға арналған қажетті ақпарат 8 тілде қолжетімді екенін тілге тиек етті.

- Оның ішінде туристік бағыттар, көрікті жерлер, оқиғалар туралы өзекті мәліметтерді ұсынады. Сонымен қатар виртуалды 3D турлар мен туристік операторлардың тізілімдері жарияланған. 2024 жылы порталға шамамен 700 000 адам кірді. Бұл оның саяхатшылар үшін басты навигатор ретіндегі маңыздылығын растайды. Алайда бүгінде туристке қызметтерді брондауға қажетті барлық сервисті біріктіретін бірыңғай экожүйе қарастырылмаған. Сондықтан TravelStan бірыңғай мобильдік қосымшасын жасау туралы бастама көтерілді. Оның негізгі функционалы – жасанды интеллектіге негізделген көмекші, - дейді ол.

Оның айтуынша, жаңа мобильді қосымша туристерге қонақ үйді брондау, билеттерді сатып алу, гидтер мен маршруттарды табу, такси шақыруға көмектесетін және басқа да қызметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін құрал.

- Аталған жоба Цифрлық даму министрлігімен алдын ала келісілді. Енді оны қаржыландыру мәселесін қарастырып жатырмыз, - деп толықтырды ведомство басшысы.

Үкімет қола алып жатқан тағы бір тамаша -  бастама цифрландыру арқылы гидтердің қызметін реттеу. Қолданыстағы реестр туристерге қажетті гид табуға, оған хабарласып, кәсіби біліктілігін тексеру мүмкіндігін бермейді. Сондықтан министрлік тапсырысы бойынша гидтерге арналған бірыңғай цифрлық платформа жасалған. E-Гайдс цифрлық жүйесі аталған мәселелерді шешіп қана қоймай, мамандардың білімін тексеруге, біліктілігін арттыруға және қосымша білім беруге мүмкіндік береді, деді министрлік өкілдері.