
фото: pexels.com
Ел тұрғындары Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова 12 жыл отасқаннан соң той жасап, елді таңғалдырды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы atameken-business.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақ қоғамын қақ жарған үйлену тойы қаржы бақылаушылардың назарына да ілікті. Қос жұп осы уақытқа дейін ресми некеде болса да, дәстүрлі той өткізбеген екен. Сондықтан да, Ерболат жарының "ақ көйлек кисем" деген арманын орындап, тосынсый ретінде үлкен мерекелік кеш ұйымдастырған. Той ауқымы шоу-бизнес жұлдыздарына лайықты деңгейде өтті.
Тойға Қайрат Нұртас, Мот (Матвей Мельников), Тұрар Ыдырыс, Amre сынды шоу-бизнес жұлдыздары мен танымал блогерлер қатысты. Десек те, ең көп талқыланғаны – құны 40 миллион теңге тұратын торт. Кейбір деректе оның бағасы 47 миллион теңге екені де айтылады.

Фото: pexels.com.
Әлеуметтік желі қолданушыларының дәл осы тортқа келгенде пікірі қарама-қайшы келді. "Өз ақшасы, қалай жұмсаса да өз еркі" дегендер болса, кейбірі мұндай аста-төк тойдың Рамазан айымен тұспа-тұс келгенін сынап жатты. Олардың уәжі "Ораза айында мұқтаждарға көмектескені дұрыс еді" дегенге саяды.
Той видеосы желілерде жарияланған соң, тағы бір мәселенің "төбесі" көрінді. Ол – соңғы айларда БАҚ бетінен түспеген салық мәселесі. Салық органдарының блогерлердің тойын, қымбат көлігін, қаламақысын бақылап жүргені жасырын емес.
Кейбір сарапшы мұндай тойды "мереке кезіндегі масқара" деп сипаттаса, екіншісі "бұл – медиа тұлғаның хайп арқылы аудитория тартуы" деп есептейді.
Аталған мәселеге орай Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Гүлжан Кәлменова да пікір айтты.
– Біз барлық азамат үшін камералдық бақылау жүргіземіз. Оның арасында блогерлер де бар, – деп түсіндірді ол Inbusiness.kz-ке берген сұхбатында.
Қалай десек те, Жанәбіловтердің тойы жай ғана мереке емес. Бұл оқиға қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік, рухани құндылықтар мен мемлекеттік бақылау тақырыптарын ашып көрсетті. Қоғамды қақ жарды деуіміздің сыры – осыда.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через