
фото: https://pixabay.com/ru/
Жуырда Ұлттық ғылыми хирургия орталығы бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегін салатын аса күрделі операцияны сәтті өткізді
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына құттықтау жолдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай желідегі парақшасында жазды.
Жуырда А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы еліміздің медицина тарихында тұңғыш рет бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілімен салатын аса күрделі операцияны сәтті өткізді.
Президент белгілі хирург, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен жасалған бұл операцияны отандық медицинаның зор жетістігі ретінде бағалап, орталық ұжымына Алғыс хат жолдады.
"Мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға баса мән береді. Бұл ретте көптеген іргелі бастама қолға алынып, ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде ұлттық медицина қарқынды дамып келеді. Сіздер жасаған бірегей операция – соның айқын дәлелі", – делінген алғыс хатта.
Қасым Жомарт Тоқаев қазір еліміз өте күрделі трансплантациялық операция жасайтын әлемдегі алты мемлекеттің қатарына кіретінін атап өткен.
"Бұл жетістікке отандық мамандардың, соның ішінде өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңіз бен ерекше білімдеріңіздің, сондай-ақ теңдессіз тәжірибелеріңіздің арқасында жетіп отырмыз. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Болашақта да ұлт саулығын жақсарту үшін тынымсыз тер төгіп, халқымызға қалтқысыз қызмет ете бересіздер деп сенемін, – деп түйіндеді президент.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через