Дүкендері ішімдік сатпайтын ауылдар бар

Дүкендері ішімдік сатпайтын ауылдар бар
фото: https://pixabay.com/ru/

Мұндай ауылдардың бірі – Құлакөл ауылы.

Екібастұз қалалық әкімдігіне қарайтын Теміржол ауылдық округінің орталығы болып саналатын елді-мекен де бір жылдан бері алкогольсіз өмірге көшкен.

–  Былтыр қалалық прокуратура, полиция басқармасы және ауылдық округ әкімдігі және тұрғындардың қолдауымен дүкендерде алкоголь өнімдерін сатудан бас тарттық, – деді учаскелік полиция инспекторы Азат Хабдуллинов.

Инспектордың айтуынша, 400-ге жуық тұрғыны бар ауылда үш дүкен сауда жасайды. Сауда орындарының иелері тұрғындардың шешімін қолдап, алкоголь өнімдерін сатпауға уағдаласқан.

Тәртіп сақшысы арақ ішетін адам жоқ болған соң ауылда тұрмыстық зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық пен бұзақылық болмайтынын айтады.

–   Дүкеннен арақ таппайсың, ауыл тыныш, ұрлық жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Орынбасар Мұхаметқали.

Тұрғынның сөзінше, арақтың сатылуына тыйым салу келешек ұрпақтың тәрбиесіне үлкен көмек тигізген. Жастар бос уақытта жаман әдеттен аулақ болып, спортпен айналысады.

Айта кетейік, бұл өңірде жалпы 16 ауыл ішімдіктен бас тартып отыр.

 ҚазАқпарат