Бүгін -- Қамқорсыз жануарларды қорғау күні

Бүгін -- Қамқорсыз жануарларды қорғау күні
фото: inbusiness.kz

       Жер бетінде 200 млн-нан астам иесіз ит пен 500 млн-ға жуық мысық бар. Бұл – Дүниежүзілік Денсаулық ұйымының мәліметі. 

       Мұны бекер айтып отырған жоқпыз. Бүгін – бүкіл әлемде қамқорсыз жануарларды қорғау күні. 

       Иә, осы иесіз ит-мысыққа қатысты проблема көп. Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің кебі. Біздің елдегі жағдай да әрі-сәрі. Ал өзге елдер не істеп жатыр? 

       Иесіз ит пен мысық көзі жәудіреп, мейірімді болып көрінгенмен, қауіптілері де бар. Әлем елдерінде көше кезген хайуандар тарапынан адамға шабуыл жиілеген. ДДСҰ келтірген дерекке сүйенсек, құтырған ит тістеп, соңы өліммен аяқталған жағдайдың 95%-і Африка мен Азияда тіркеледі. 

       Грузияда қаңғыбас ит қаптады 

       «Иттер қаласы» Тбилисиде адамнан бұрын үй жануары көп. Олар да кәдімгі адам сияқты қоғамдық көлікпен жүреді. Ит-мысықты көшенің кез келген бұрышынан кезіктіруге болады. Жергілікті жануарларды бақылау агенттігінің мәліметіне сәйкес, Грузияда 500 мыңнан астам иесіз ит-мысық бар. Оның 30 мыңы осы шаһарда. Ал олардың 30%-і ғана стерилденген. Қалғанынан қауіп көп. Өйткені қаптаған хайуан алдымен ел экономикасына, туризм саласына кедергі келтіреді. Бұған қоса, тұрғындардың денсаулығына да әсер етеді. Мәселені шешу үшін билік қаңғыбас хайуандарға қамқорлық көрсету бойынша «Үй жануары туралы» жаңа заң жобасын қабылдады. 

       Кипрде мысықтарға арналған тамақтану орындары бар 

       Кипрде де солай. Халық санынан иесіз мысық көбейді. Кейінгі дерекке сүйенсек, Кипрде 1,3 млн адам қоныстанған. Ал иесіз ит-мысықтың саны 1,5 млн-ға жетіпті. Қайда қарасаң, қаңғыбас хайуаннан көз сүрінеді. Бірақ ел үкіметі де мәселеге бей-жай қарамайды. Жергілікті жануарларды қорғау туралы заңға сәйкес, иесіз жануарды қамқорлыққа алу, чиптеу және стерильдеу көзделген. Сондай-ақ ел билігі қала көшелеріндегі әр стансада оларға арналған тамақтану орындарын орнатып жатыр. 

        Марокко 3 млн ит-мысықты жаппай атуды жоспарлап отыр 

        Ал, Марокко 2030 жылға дейін 3 млн-нан астам иесіз итті атуды көздеп отыр. Өйткені сол жылы бұл ел футболдан әлем чемпионатын өткізеді. Бірақ биліктің бұл шешімі белсенділер мен халықаралық ұйымдардың наразылығын тудырды. Сол себепті олар мәселеге FIFA халықаралық қауымдастығын араласуға шақырды. «Егер жануарларды жаппай қыру мақұлданса, спорттық сайысты өткізбеген жөн», - дейді. Ал Марокко билігі бұл айыптауларды жоққа шығарып, жануарларды жаппай қыру жүзеге аспайтынын мәлімдеді. 

       Француздар үйінде доңыз асырайды

       Доңыз етін сүйсініп жейтін француздар енді хайуанды асырауды қолға ала бастады. Бұған дейін қожалықта етін өндіру үшін ғана күтіп-бапталған жануарға кейінгі жылдары жергілікті халықтың көзқарасы да, қатынасы да өзгерген. Енді оларға қамқорлық танытып, үйде асырауға қызығушылық танытып отыр. «Бастамаға қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру мен жануарлардың құқын қорғауға арналған жергілікті заң әсер еткен болуы мүмкін», - дейді сарапшылар. 

       Еуропада қасқыр көбейді 

       Үй жануарларының ішінде ит-мысық көбейсе, жыртқыштар қатарында қасқыр саны артты. Кейінгі онжылдықта Еуропада қасқыр саны екі есе ұлғайды. Оның сирек кездесетін түрі де көбейген. 2016 жылы бар болғаны 14300 қасқыр тіркелсе, көрсеткіш 7 жылда 6 мыңға өскен. Бұған қоса, олардың мал-жанға шабуылы жиілеген. Сол себепті Еуроодақ жыртқышты «қатаң қорғалатын» мәртебеден «қорғалатын» мәртебеге ауыстыруды ұсынды. Құжат мақұлданса, аңшылар рұқсат етілген кезеңде қасқырды емін-еркін аулай алады. Бірақ оларға ретсіз шабуыл жасап, қыруға болмайды. Тек мал-жанға, егістік алқабына айтарлықтай қауіп төнгенде ғана атуға құқылы.

       https://24.kz/kz