
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio
Сауда және интеграция министрлігі жаңа өзгерістерге сай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын өсіргендерге қандай шара қолданылатынын мәлімдеді.
Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін үкімет жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Министрліктің маңызды міндетінің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесіне мемлекеттік бақылау жүргізу.
2024 жылы Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне (ӘҚБтК) өзгерістер енгізу мақсатында Әділет министрлігі заң жобасын ұсынған. Осы өзгерістердің нәтижесінде 204-4 бапқа түзетулер енгізіліп, 2025 жылғы 13 наурызда күшіне енген.
"Бұл өзгерістерге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесін 15 пайыздан асырған жағдайда кәсіпкерлерге ескерту жасалмай, бірден айыппұл салынады. Бұрын бірінші рет заң бұзған кәсіпкерге тек ескерту беріліп, 1 жыл ішінде қайталанған жағдайда ғана айыппұл салынатын", - деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Енді бірінші рет заң бұзушылық үшін айыппұл мөлшері келесідей болады:
- Жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнеске – 5 АЕК (19 660 теңге);
- Орташа бизнеске – 35 АЕК (137 620 теңге);
- Ірі сауда желілеріне – 150 АЕК (589 800 теңге).
Егер бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе артады.
"Бұл өзгерістердің мақсаты – әлеуметтік маңызы бар өнімдерге баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және бағаның негізсіз өсу тәуекелдерін төмендету. Қазір сауда нүктелеріне бақылау күшейтілуде. Сонымен қатар әр кәсіпкер ӘМАТ үшін белгіленген 15 пайыздық шекті сауда үстемесін сақтауы тиіс", - дейді министрлік өкілдері.
https://kaz.nur.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через