Қызғалдақты жұлма, жазаланасың

Қызғалдақты жұлма, жазаланасың
фото: pixabay.com

Қазақстанның жабайы табиғатында қызғалдақтың 34 түрі өседі. Қазақстан - қызғалдақтың отаны десек қателеспеспіз, деп хабарлады "Сапалы Қазақстан" порталы. 

Ғалымдардың айтуынша Қызғалдақтың пиязшығы Ұлы Жібек жолы арқылы Қазақстаннан Түркияға, одан әрі Голландияға кеткен көрінеді. Шындығында аталмыш гүлдің қазақ даласынан бүкіл жер жүзіне таралғандығына бүгінде көзіқарақты ғалымдар нақты дәлелдер келтіріп жатыр.  

Жылына 15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар бүкіл алқапты қызыл кілемге көмкеріп, жазиралы кең даланы одан сайын асқан сұлулық пен әсемдікке бөлейтіні рас. Бір айта кететін жайт, қызғалдақтар наурыз айының соңғы күндерінде өсіп шығатыдықтан оны қазақтың төл мерекесі әз-Наурыздың символы десек те жарасады.

Фото: pixabay.com.

Қазіргі таңда әлемде қызғалдақтың үш мыңнан астам түрі бар. 

Оның ішінде 75-ке жуығы жабайы және кең жайылған 150 түрі кездеседі. Елімізде қызғалдақтың отыздан астам түрі болғандықтан, «Қазақстан – қызғалдақтың отаны» болып есептеледі. Наурызым қорығында қызғалдақтың ерекше 4 түрі кездеседі. Атап айтар болсақ, шренк қызғалдағы, қосгүлді қызғалдақ, жатаған қызғалдағы, биберштейн қызғалдағы. Бұл қызғалдақтардың 4 түрі де «Қызыл кітапқа» енгендіктен ерекше қорғауға алынған, жұлуға рұқсат етілмейді. Жұлған жағдайда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi тарапынан жазаланады.

Осы құжатқа сәйкес, қызғалдақ жұлған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев айтты, деп жазды Kazinform.  

 «Бүгінде экологиялық тәрбиеміз төмен. Сондықтан мектептермен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Наурыз айында «Парктер шеруі» акциямыз басталады. Оның аясында әрбір мекатепке барып, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу жоспарымызда бар. Сол кезде Қызыл кітапқа қандай өсімдіктер, жануарлар енгенін, олармен не істеуге болатынын, болмайтындығын түсіндірмекпіз», - деді Данияр Тұрғамбаев.

 

Фото: pixabay.com.

Комитет төрағасы қызғалдақты адамдар жол бойынан байқап, қызығушылықпен жұлатындығын айтады. Оның атап өтуінше, қызлғалдық жұлу фактілері өткен жылы Алматы, Жетісу, Түркістан облыстарында байқалған. Бірақ, ол қызғалдақ жұлғандарға алдағы уақытта нақты қанша айыппұл салынатындығын айта алмайтындығын жасырмады. 

«Бірақ ол Қызыл кітапта болғандықтан ең бірінші кезекте қылмыстық іс қозғалады. Бұл біздің құзіретімізге кірмейді. Заң бұзушылыққа барған адамға қатысты ішкі істер органдары тарапынан іс қозғалады», - деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы.