Құмар ойынмен күрестің қандай жолдары бар — сарапшы ұсынысы

Құмар ойынмен күрестің қандай жолдары бар — сарапшы ұсынысы
фото: pixabay.com

Құмар ойын бизнесі саласында азаматтардың құқығын қорғау қауымдастығының төрағасы Бадри Шаинидзе құмар ойындарға әуес жандардың ұтылған қаржысы артып бара жатқанын айтты. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды. 

— Бізге онлайн-казиноның салдарынан зардап шеккен азаматтар жүгінуде. Өткен жылы онлайн-казиноға қатысты 54 шағым түсті, бір апта ішінде 9 миллион теңгеге дейін жоғалтқандар бар. Шағымданған азаматтардың жалпы ұтылған сомасы 400 миллион теңгеге жетті. Олар бізден құқықтық көмек сұрайды, көп жағдайда қолдау көрсете алмаймыз, себебі Қазақстан аумағынан тыс орналасқан компанияларға ешқандай ықпал ете алмаймыз, — деді Бадри Шаинидзе Сенат қабырғасында өткен іс-шарада.

Осы орайда қауымдастық басшысы мәселені шешудің екі жолын атады. 

— Біріншіден, онлайн-казино жарнамасын немесе бәс тігу, ойын туралы барлық ақпараттық контентті автоматты түрде бұғаттау. Бірақ, бұл тәсілдің өзіндік кем тұстары бар, яғни жасанды интеллектіні қолданғанның өзінде өте қымбатқа түседі. Келесі жағы, автоматты түрде бұғаттау заңға сай жұмыс істейтін компаниялар мен азаматтардың қызметіне кері әсер етуі мүмкін, себебі сүзгілеу теңдей жүргізіледі.

Фото: pixabay.com.

Спикердің айтуынша, Қазақстандағы онлайн-казино проблемасын азайтуға мүмкіндік бар екен.  

 Екінші жолы, онлайн-казиноны Қазақстанда шектеуді заңдастыру. Себебі, сұраныс ұсынысты тудырады. Біздің ойымызша, бұл тәсіл Қазақстандағы онлайн-казино проблемасын азайтуға мүмкіндік береді. Лотерея операторы сияқты, онлайн-казино операторы құрылып, оған онлайн-казино сайттарын автоматты түрде бұғаттау құралдарын қаржыландыру міндеті жүктелуі мүмкін. 

Онлайн-казиноны заңдастыру мемлекеттің рөлін күшейтуге алып келеді, яғни бизнес пен азаматтар үшін нақты ережелер мен талаптарды белгілеу арқылы бақылау жүргізуге мүмкіндік береді, — дейді ол.

Оның айтуынша, аталған қадамдар заңсыз онлайн-казинолар қаржысының елден сыртқа кетуін азайтып, азаматтардың құқығы мен мүддесінің бұзылуына жол бермейді. 

Айта кетейік, Сенат қабырғасында ойын бизнесі және елімізде лотереяға қатысты қабылданған заңнамаға енгізілген өзгерістерді іске асыру барысы талқыланды. 

Белгілі болғандай, елімізде құмар ойынға әуес мемлекеттік қызметкерлерді автоматты түрде анықтайтын арнайы жүйе әзірленіп жатыр. 

Бүгінде елімізде 350 мың адам құмар ойынды жүйелі түрде ойнайды.