«Медеу» мұз айдыны бірнеше жылға жабылады

«Медеу» мұз айдыны бірнеше жылға жабылады
фото: pixabay.com

«Медеу» мұз айдынында былтыр сырғанау маусымы 15 наурыз күні аяқталған еді. Алматы әкімдігінің мәліметінше, биыл қала тұрғындарының тілегі және мұзды тиісті деңгейде сақтауға мүмкіндік беретін ауа райының арқасында нысан наурыз айының соңына дейін жұмыс істейді, деп хабарладыkaz.inform.kz . 

Айта кетейік, 11 наурыздан бастап мұз айдыны тек кешкі жұмыс уақытына көшті. Атап айтқанда, жұмыс күндері сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін, ал демалыс күндері 17:00-ден 20:00-ге дейін және 21:00-ден 24:00-ге дейін ашық болады.

Алматы қаласының Құрылыс басқармасы биылғы маусымнан кейін «Медеу» жөндеу жұмыстарына жабылатынын мәлімдеді.

— «Медеуді» жаңғырту жұмыстары EPC келісімшарты (Engineering, Procurement, Construction) шеңберінде осы жылы жоспарланған. Тиісінше, бұл маусым жөндеу жұмыстары алдындағы соңғы маусым болады. Жобаның құны мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін айқындалады, - деп хабарлады басқармадан.

Реконструкция жұмыстарын 2025-2027 жылдары аралығында жүргізу жоспарланған. Қала әкімшілігі «Медеу» мұз айдыны жабылуына байланысты жаппай сырғанаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қысқы маусымда көше мұз айдындарының санын одан әрі ұлғайтуды қарастырады.