Маңғыстау облысында педагогтар жалған куәлікпен жұмысқа орналасқан

Маңғыстау облысында педагогтар жалған куәлікпен жұмысқа орналасқан
фото: https://pixabay.com/ru/

Сот үкімімен 7 педагог кінәлі деп танылып, оларға айыппұл салынды

Бейнеу ауданының прокуратурасы жалған куәлікпен жұмысқа орналасқан педагогтарды анықтады, деп хабарлады Маңғыстау облысы прокуратурасының сайты.

Білім беру сапасының заңдылығына жүргізілген талдау нәтижесінде педагогтардың кәсіптік даярлықтан өткені туралы куәліктері жалған болып шыққан.

"Мысалы, "Ә" есімді педагог 2024 жылы наурыз айында SDU University университетінің (Алматы қаласы) "Арнайы педагогика" мамандығы "логопед-дефектолог" біліктілігі бойынша қайта даярлау курсынан өткені туралы жалған куәлікпен мектепте "педагог-психолог" лауазымында жұмыс істеген", - деп жазылған хабарламада.

Осыған ұқсас деректер аудандағы орта білім беру ұйымдарындағы 6 педагогтен анықталды.

Сот үкімімен 7 педагог Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оларға айыппұл салынды.

ҚазАқпарат