
фото: фото: Akorda/turkystan.kz
Биыл Ұлыстың ұлы күні әз Наурызды тойлау аясында 18 наурыз «Ұлттық киім» күні болып белгіленген. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақтың ұлттық киімі – қазақ мәдениетінің маңызды және ажырамас атрибуты іспеттес. Қазақ халқының ұлттық болмысы өзіне тән оқшау қалыппен сақталып, өзге ұлттардан дараланып тұратындығымен ерекше.
«Ұлттық киімді тек қана Наурызда киеді» деген қасаң түсінік жоғалды
Қазіргі кезде ұлттық киімдер күнделікті тұрмыста да көп киілетінін байқап жүрміз. Елді мекендер мен қала көшелерінде ұлттық стильдегі шапан киіп жүргендер көбейді. Мұны өте жақсы үрдіс деуге болады. Атап айтқанда, ұлттық құндылықты насихаттау мен төл өнерді дамытуға атсалысып жүргендердің қарасы қалың.
Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев кейінгі жылдары ұлттық киімге деген сұраныстың арта бастағанын айтып отыр.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
– Сапалы дүниенің қымбат болуы заңдылық. Ерекше дизайнерлік стильмен тігілген киім қымбат болады да. Десе де, киімдерді ұлттық элементтермен көмкеру аса қымбат тұрады деп есептемеймін. Менің басымдағы тақия әрі кетсе 3-5 мың теңге аралығында. Ою-өрнектерді киімге таңбалау да одан қымбат тұрмас, яғни қалтаға айтарлықтай салмақ салмайды. «Қымбат» деген нәрсені санамыздан алып тастасақ екен. Ұлттық киім киіп жүру ұлттық рухымызды қалыптастырады. Қарапайым мысал, үй жанындағы дүкенге шапанмен, тақиямен кіріп келсеңіз, өзге ұлттың сатушылары қазақша амандасып жатады. Ал күнделікті киіммен кіріп қалсаң: «Что искали?» - деп автоматты түрде тіл қатады, – дейді депутат.
Ал шетелдіктер қазақтың ұлттық киімдерінің кереметтігін айтып, тәнті болып жатады. Қазір отандық дизайнерлер осы киімдерді жаңғыртып, ұлттық нақыштағы заттарға арналған дүкендер ашып жатыр. Сондықтан мерекеде ғана емес, жалпы күнделікті киіп жүретіндей әдетке айналдырып келеді.
Этнограф Айнұр Ғалымқызы қазіргі таңда қоғамда ұлттық киімге деген көзқарас пен қызығушылық көз қуантатынын айтып отыр. Барлық мекемелер, мектептер, балабақшада аптаның бір күнінде ұлттық киім киюді дәстүрге айналдырған. Алайда, әттеген-ай дейтін тұстар да бар.
- Қазақтың әр киімінің өз орнымен, жыныс және жас ерекшелігімен киетін талабы, тәртібі бар, қазір ол тәртіп мүлдем сақталмайды десек те болады. Үлкен әйелдер жас қыздардың тақиясын кисе, жас қыздарымыз кимешек киіп алады, ол кимешектер де театрланған түрде ғана дәріптеліп жатыр. Сонымен қатар, тігілу ерекшеліктері, дұрыс пішу жолдары жағынан да ақсап тұр. Қатты қынжылатын жайт, барлық біз киіп жүрген киімдерімізді қырғыз бен қытай тігіп жатыр. Өзіміздің елде осындай көлемде ұлттық киімдеріміз барлық талаптарға сай етіп тігілсе және соған жағдай жасалса керемет болар еді, - деді этнограф.
Киімді өз орнымен киген жөн
Ғасырлар бойы тамырын үзбей, ұлтымыздың бойына жарасымды көрік сыйлаған киім мәдениетін қанық білу, ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып отыруы орынды. Осы орайда, қазақ әйелдерінің киім үлгілеріне қатысты деректерді тарихшы-этнолог, «Қара шаңырақ» РҚБ директоры Тұрар Шәкеннен сұрауды жөн көрдік. Этнологтің айтуынша, ұлттық құндылығымызды өз жөнімен, тәртібімен дәріптеу керек.
Фото: Т. Шәкеннің жеке мұрағатынан
- Қазір тақия трендке айналған. Дегенмен, тақияны күйеуге шыққан, баласы бар келіншектер де, 60 жастағы әжелер де киіп алғаны ерсі көрінеді. Барлығы орнымен болуы керек. Сондықтан тақияны бүлдіршін қыздар мен тұрмысқа шықпаған бойжеткен қыздар киетінін біліп жүрейік. Ұлттық киімімізді өз орнымен, жасына сай кисе екен дейміз, - дейді Тұрар Сәттарқызы.
Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform
Бұл ретте тарихшы ежелден қазақ халқы киім кию мәдениетіне ерекше қарап, әр жасқа арналған киімдерді тіккенін атап өтті. Соған қарай киіміне қарап, адамның жасын, елін, руын, сондай-ақ тұрмыстық мәртебесін де танып отырған. Үйленетін жастағы жігіттер қыздардың басына қарап, сөз салуға болатын-болмайтынын аңғарған.
- Әйелдердің әр жас кезеңіне сай бас киімі болған. Бұл ретте, бас киімі арқылы қай тапқа, қай руға жататындығын және тұрмысқа шықпаған қыз екенін бірден таныған. Қыздар 3-18 жас аралығында үкілі тақия киген. Бес жасқа толған қыз балаларға сырға тағып, шашын өріп, шолпы байлаған, - дейді «Қара шаңырақ» РҚБ директоры.
Атап айтқанда, қыздардың тақиясы қызыл, күлгін, алқызыл, жасыл түсті барқыт тәрізді матадан тігілген және зерлі тігіспен, әртүрлі моншақпен, күміс теңге, маржан тастармен әшекейленген.
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Тұрар Шәкен бойжеткен қыздар кәмшат бөрік кигенін еске салды. Мәселен, ер адамдардың бөркінен қыздардың бас киімі өзгеше болады. Қыздар бөркінің сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қалыңдау, қымбат матамен тысталып тігіледі.
- Қыз ұзатылғанда, басына сәукеле кигізген. Бұдан кейін әйел затының жас ерекшелігіне қарай бас киімі өзгеріп отырғанын ұмытпайық. Орамал – тұрмысқа шыққандықтың белгісі. Қазақ салты бойынша балалы болған әйел кимешек киген, яғни кимешек кию – ана болғанның белгісі, - деді Тұрар Сәттарқызы.
Фото: Александр Павский/Kazinform
Оның сөзіне қарағанда, жас келіншектер кимешектерін өрнектермен әшекейлеп, сәндеп киген. Кимешектің үй және шаруа жұмыстарына арналған түрлері болады, сәйкесінше әйелдер үй мен қонаққа кимешектерін бөліп киген. Кимешекке ою салып, моншақпен әсемдеу - оның күйеуі бар екенін білдірген. Ал жесір қалған әйелдер кимешектің өрнектерін алып тастап тағатын болған. Әрі әр рудың өзіне тән кимешегі болған. Қызай кимешек, арғын кимешек, керей кимешек және басқалары бар. Қазақтың қай киімінің де әр рудың өзіне тән ерекшеліктері болған.
- Әр өңірдің кимешектері де әртүрлі болған. Солтүстік және Орталық Қазақстан өңірлерінің кимешектерінің кестесі аз, бірақ моншақ, маржан, күмістен түрлі тастарды көп қадаған. Оңтүстік өңір мен Маңғыстау әйелдерінің кимешектерінде кесте мол, тоқымамен жиектелген. Салтанатты жағдайларда киетін кимешектерге күміс қадап, кеудесі мен жауырын бөліктерінің шеттерін шашақтаған. Кимешек - аса киелі, ұлттың тазалығын сақтауды ниет еткен бас киім. Қазақ әйелі ешқашан жалаңбас жүрмеген, - деп атап өтті этнолог.
Этнограф Айнұр Ғалымқызының атап өтуінше, қазақ халқының ұлттық киімі өзгеше өзіндік қасиетке ие. Мұның басты себебі - халқымыздың табиғат төсінде еркін өсіп-өнуімен байланысты.
- Қазақтың ұлттық киімдері негізінен ертедегі көшпенділерді еске түсіреді. Қазақтардың киімді солға қаусыратыны сақ киімдерінде, ортағасырлардағы түріктерде кездеседі.
Қазақы киімдердің етек-жеңіне рәміздік ұғымды тұспалдайтын ою-өрнек элементтерін салу, үкі тағу жын-перілерден, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды, магиялық күш әсер етеді деген сенімнен туған.
Ұлттық киімдеріміздің негізгі ерекшелігі - көшпелі қазақтар ішкі-сыртқы киімдерінің бәрін жүріп тұруға, көшіп-қонуға ыңғайлы етіп ықшамдап тіккен. Күн райының қолайсыз жағдайлары да ескерілген. Мұндай киімдерді киген халыққа қатты аяз немесе күннің аптап ыстығы, екпінді жел, құрғақшылық ешқандай қауіп төндірмеген. Себебі киімдер төзімді, ыңғайлы, қарапайым және икемді болған, - деді А. Ғалымқызы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через