Алматыда қымбат көлік иелері салығын төлемей жүр

Алматыда қымбат көлік иелері салығын төлемей жүр
фото: Мемлекеттік кірістер департаменті

Алматы полициясы "Борышкер» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр.  Мақсат - автокөлік құралдары үшін салық берешегін өндіріп алу, деп хабарлады «Сапалы Қазақстан» порталы.

  Жеке сот орындаушыларының қаулысы шыққан борышкерлердің автомобильдері «Сергек» камераларының көмегімен анықталады және берешек толық өтелгенге дейін айыппұл тұрағына қамалады. Бүгінгі таңда салық бойынша берешек 3 млрд.700 млн теңгеге жеткен.

 Берешектің негізгі бөлігі қозғалтқыштың көлемі 4000 текше см-ден асатын көліктерге тиесілі. Мемлекеттік кірістер департаменті автокөлік иелерін сот орындаушыларының қызметтеріне ақы төлеу бойынша шығындарды болдырмау үшін жақын арада салық берешегін өтеуге шақырады.

 Арнайы жүргізілген рейд барысында 12 көлік құралының иелері жалпы сомасы 1,6 млн. теңге төледі, 9 көлік құралы айыппұл тұрағына қамалды.

Фото:  Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті