Алюминий зауытынан металл ұрлағандар ұсталды

Алюминий зауытынан металл ұрлағандар ұсталды
фото: https://pixabay.com/ru/

Кәсіпорын қызметкерлері қылмыс жасады деген күдікке ілінді

Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Алюминий зауыты аумағынан металл ұрлау схемасын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Кәсіпорын қызметкерлері қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Олар металдың кезекті партиясын шығару кезінде қылмыс үстінде ұсталды. Күдіктілердің іс-әрекеттерінен кәсіпорынға 30 млн теңге сомасында шығын келтірілді. Қылмыстық іс ұрлықтың бірнеше эпизодтары бойынша тергелуде.

Осыған ұқсас тағы бір қылмыстың беті ашылды. Ұлытау облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы "Қазақмыс" корпорациясының қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, көрсетілген кәсіпорынның жұмыскерлерінен тұратын екі топ ұстады. Олар тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлау схемасын ұйымдастырған.

"Бірінші жағдайда топ мүшелерінің бірі учаске бастығы болып табылады. Олар 16 млн теңгеден астам сомаға кәсіпорын мүлкін ұрлаған. Екінші топта қылмыстарды жасауға корпорация басқармаларының бірінің басшысы қатысқан. Олар ұрланған заттарды кәсіпорын аумағынан құжаттарды қолдан жасау арқылы шығарып отырған", – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Барлық күдікті ұсталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жасалған ұрлық фактілері бойынша жүргізілуде.

ҚазАқпарат