
фото: pixabay.com
Әлемде кейінгі жарты ғасырда семіздікке шалдыққан адамдардың саны үш есе өсті. 2035 жылға қарай жер шарындағы халықтың жартысынан астамы осы дерттен зардап шегуі мүмкін. Бұл - Семіздікпен күрес жөніндегі дүниежүзілік қауымдастықтың болжамы, деп жазды 24.kz.
Сарапшылар семіздік әсіресе, кедей мемлекеттерде таралады дейді. Яғни Африка мен Азия аймағында мәселе ушығуы мүмкін. Жыл сайын 2 млн 800 мыңдай адам артық салмақтан көз жұмады. Сорақысы, бұл дерт балалар мен жеткіншектер арасында да көбейіп барады.
2035 жылы жер бетінде семіз адамдар көбейеді
2035 жылға қарай жер бетін семіз адамдар қаптайды. Артық салмағы барлар 4 млрд-қа жетсе, тағы 2 млрд адам семіздіктен зардап шегеді. World obesity Atlas дүниежүзілік семіздікке қарсы ұйымы кейінгі есебінде осындай болжам жасады. 2020 жылы бұл көрсеткіш 0,81 млрд болса, алдағы 10 жылда бұл екі есе көбеймек. Бірінші кезекте бұл табысы төмен елдерге әсер етеді. Мамандардың айтуынша, жер шары тұрғындарының семіздікке шалдығуына қант диабеті, жүрек қан-тамырлары аурулары себеп. Мұнан бөлек, ғалымдар парниктік газ шығарындылары сияқты климаттық өзгерісті туғызатын әрекеттер де адам денсаулығына әсері барын айтудан жалықпайды.
Джоанна Ралстон, Дүниежүзілік семіздікке қарсы федерацияның бас директоры: - Біздің кейінгі есебіміз жер шары бойынша семіздікпен күресу әдісін өзгерту керек екенін байқатты. Сол себепті жас пен кәрі, дамыған және дамушы елдер деп бөлмей, бұл мәселені жан-жақты қарауға тиіспіз. Өйткені семіздік көпсалалы шешімді қажет ететін жаһандық мәселеге айналып барады.
Аралды елде семіз адамдар көбейді
ДДСҰ-ның 2022 жылғы мәліметіне сәйкес, артық салмақтан арыла алмай жүрген елдердің тізімін аралды мемлекет Тонга корольдігі бастап тұр. 170 аралдан тұратын мемлекетте халықтың 70.54 %-ы семіздікке шалдыққан. Тонгалықтардың толық болуы олардың дұрыс тамақтанбауынан.

Фото: pixabay.com.
Әдетте бұл ел Жаңа Зеландиядан жеткізілетін қой етін жейді. Өйткені арзан әрі қолжетімді. Бірақ құрамында трансмайы көп. Плезант аралындағы Науру мемлекетінде де осындай жағдай. Халықтың 70,18 пайызы толық. Тувалу, Самоа, Багам аралдары семіздіктен зардап шегетін елдердің алғашқы бестігін толықтырып тұр. Ал алпауыт АҚШ 42 пайызбен 13-орынға жайғасыпты. Қазақстан бұл тізімде 119 орында тұр. Халықтың 19,34 пайызы семіздікке шалдыққан.
Семіздікке сапасыз өнім себеп
АҚШ-ты жәй айт отырғанымыз жоқ. Өйткені америкалықтардың көбі дұрыс тамақтанбайды. Жылдам дайындалатын фаст фуд өнімдері олардың басты ас мәзіріне енген. АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау және тамақтану орталығы келтірген статистикаға сүйенсек, АҚШ-та халықтың 36,6 пайызы, яғни 84,8 миллион адам күнде фаст-фуд жейді. Мамандардың айтуынша, артық салмақ жинағандардың шамамен 90%-ы дұрыс тамақтанбайды.
Голливуд жұлдыздары жаппай арықтап жатыр
Бірақ Голливуд жұлдыздары мәселең шешімін әлдеқашан тауыпты. Қазір әртістер бір-бірінен қалыспай, америкалық препарат іш арықтап жатыр. Тіпті, осы жылдың Оскар сыйлығын табыстау рәсіміне келген танымал жұлдыздардың көбін жұрт танымай қалды. Өйткені бұрын етжеңді өнер иелері бір-ақ сәтте арықтап шыға келген. Олардың қатарында америкалық әнші Ариана Гранде, Джорджина Чапман, Джессика Честейн мен Минди Калинг бар. "Тесланың" негізін қалаушы Илон Маск те сиқырлы дәрінің арқасында 13 келі салмақ тастапты. Нзі бұл препарат қант диабетін емдеуге арналған. Бірнеше жыл бұрын семіздікке қарсы әсері барын да байқатты. Бірақ ДДСҰ өкілдері Мұның негізгі дәрі-дәрмектер тізіміне кірмейтінін айтты. Өйткені емделу уақыты қанша мерзімге созылатыны туралы еш ақпар жоқ. Ал мұндай дәрі ішкен адамның емді тоқтатқаннан кейін бұрынғы салмағы қайта қалпына келуі мүмкін, - дейді мамандар.
Бенедикт Хуттнер, ДДСҰ сарапшысы: - Сараптама комитеті препараттың қасіздігі туралы мәліметтер жеткіліксіз деп санайды. Сондай-ақ емдеу әдістерін қанша уақыт қолдану керектігі де анықталмаған. Сол себепті оны тізімге қосу үшін деректер жеткіліксіз.
Үндінің толық қыздары – байлықтың символы
Артық салмақ біреуге уайым болса, енді біреуге мақтаныш. Мысалы, Үндістанда толықша келген әйел сұлулықтың, байлықтың, молшылықтың символы. Сол себепті жас жігіттер үйленетін шақта толық қыздарды таңдауға тырысады. Өйткені үнді қоғамында дене бітімі ірі бойжеткендер бай, дұрыс тамақтанған, қамқор отбасыдан шыққан деген түсінік бар. Тіпті әйгілі Болливуд жұлдыздарының өзі нәзік белді болғанымен, ірі денелі.
Мавританияда қыздарды әдейі семіртеді
Қара құрлықтағы Мавритания, Нигерияда да ірі денелі қыздар сұраныста. Мысалы, Мавританияда қыздарды әдейі семірту дәстүрі бар. Лефбид дәстүрі бойынша отбасы мүшелері қыз баланы 5-6 жасынан бастап баптап, қойдың сүті, майлы ет тағамдарын беріп салмақ қостырады. Бұл болашақта жақсы күйеуге шығуына сеп болады-мыс. Нигерияда да ірі денелі қыздар сұраныста. Қыз-келіншектердің томпақтығы ауқатты отбасыдан шыққанын әрі дені сау екенінің белгісі.
Денелі ер адам алып күш иесі саналады
Африка демекші, кей аймақтарда ірі денелі, семіз ер адамдар алып күш пен биліктің, әлеуметтік мәртебенің символы іспетті. Бұл түсінік, әсіресе, дәстүрлі қоғамда байқалады. Мысалы, Эфиопияның Боди тайпасында ірі денелі ер адамдар ерекше құрметке ие. Тіпті, жыл сайын мұнда «Семіздік фестивалі» ұйымдастырылады. Ең семізі тайпаның ең мықты, беделді адамы саналады. Оңтүстік Африканың Зулу мәдениетінде де толық ер адамдар ру көсемі, жауынгер саналады. Ер адамның ірі денелі болуы отбасын асырай алатынын әрі бай екенін аңғартса керек.
Бірақ қазіргі қоғамда Африканың біраз аймағында бұл түсінік қалыс қалып барады. Батыстық өмір салтына бейімделіп, арық әрі бұлшықетті дене сәнге айнала бастаған. Қалай болғанда да, артық салмақ күш бергенмен сән емес. Семіздік қант диабеті, созылмалы жүрек аурулары, қатерлі ісік тудыруы мүмкін.
«Ал одан арылудың жолы – препарат емес, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану», - дейді мамандар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через