Жануарлар сан түрлі эмоцияны сезеді

Жануарлар сан түрлі эмоцияны сезеді
фото: pixabay.com

 Итті иесіне қарап тануға болады. Олар адамды есту қабілеті арқылы ұға алады. Олар 40-тан 60 мың Герцке дейінгі жиілік диапазонындағы дыбыстарды қабылдай алады, ал адамның есту диапазоны әлдеқайда тар. 20-дан 20 мың Герцке дейін. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ит иесін есту арқылы сезеді

Осындай өткір есту қабілетінің арқасында иттер жеке адамдардың дауысы мен әңгімелерінің эмоционалды бояуын ажыратады. Олар өз иелерін дауысы бойынша таниды және интонация арқылы олардың көңіл-күйін түсінеді. Қатқыл дауыс иттің қорқынышын немесе күйзелісін тудырады, ал жұмсақ үн – тыныштық пен жайлылық сыйлайды.  

ЦИТАТА:  Көптеген жануардың ішкі сезімдері тура адамның жан дүниесі секілді күрделі. Бар айырмашылық біздің ішіміздегі дүниені тілмен жеткізе алатындығымызда. Егер осы жаңа түсінік кеңінен мойындалса, адамзаттың басқа тіршілік иелеріне көзқарасы мен оларға қатынасы түбегейлі қайта қаралуға тиіс. Егер жануарлардың эмоцияларын, соның ішінде жәндіктердің сана-сезімін танысаңыз, олар моральдік тұрғыдан мәнге ие болады.  Франс Де Уаал, приматолог 

Иттер күйзеліске көп түседі  

Дегенмен, ит екеш иттің өзі күйзеліске түседі. Қазір арнайы дайындықтан өткен құтқарушы иттер әлемнің түкпір-түкпіріндегі күрделі іздеу-құтқару операцияларына қатысады. Түрлі апаттың салдарынан қираған үйінділер арасынан мыңдаған адамды құтқарады. Олар адамның қай жерде екенін иісінен анықтайтыны белгілі.

Фото: pixabay.com.

 Сарапшылардың айтуы бойынша, мұндай азулылар жиырма, тіпті отыз кәсіби із кесушінің жұмысын атқарады. Дегенмен, ветеринарлар құтқарушы иттердің көпшілігінде осының салдарынан депрессия пайда болғанын айтады. Өйткені олардың ұзақ уақыт бойы тірі адамдарды таба алмай, тек өлілерге кезіге беруі кәдімгідей күйзеліске түсіреді.  

Дельфиндердің сана-сезімі адамдарға жақын 

Жануарлар адамның сан қилы сезімінен кем түспейтін эмоцияларға ие. Сана сезімі жағынан адамға ең жақын жануар - дельфиндер. Ересек дельфиннің миы шамамен 1700 грамм, ал адамдарда ол 1400 грамм. Бірақ мидың көлемінен гөрі, оның құрылысы маңызды. 

Фото: pixabay.com.

Магнитті-резонанстық томографта бұл жануарларды зерттеу нәтижесі дельфиннің ми қыртысындағы жүйке жасушалары мен қатпарларының жалпы саны адамдардікіне қарағанда көп екенін көрсетті. Дельфиндер адамдармен, әсіресе балалармен ойнағанды жақсы көреді. Олар адамдарға ғана емес, кейбір жануарларға да мейірімділік танытады. Осы уақытқа дейін адамға дельфин шабуылының бірде-бір жағдайы тіркелмеген.  

Чарли Якобсма, жануарлардың мінез-құлқы бойынша маман: - Олар басынан сипағанды жақсы көреді. Соған рахаттанады. Сондай-ақ ойнағанды ерекше ұнатады. Дельфиндерге қолыңызды созып, сәл жақындай қалсаңыз, олар сізге еркелеуі мүмкін. 

Жануарлар сан түрлі эмоцияны сезеді 

Кейде жануардың мазасызданып тұрғанын оның әрекетіне қарап анық байқауға болады. Мәселен, олар тыпыршып бір орында тұрмауы мүмкін. Немесе құлағын қайшылап, жер тарпып кісінеп тұрған жылқыны көрген боларсыз. Жалпы жануарлардың жан дүниесін түсінуге деген ғылыми пікірлер негізінен даулы. Кейбір ғалымдар, олардың темір емес, есті жаратылыс иелері екенін алға тартады. Ал кейбірі өзге тіршілік иесінің не ойлап тұрғанын түсіну іс жүзінде мүмкін емес дейді.