Енді үй сатып алсаңыз онлайн рәсімдейсіз

Енді үй сатып алсаңыз онлайн рәсімдейсіз
фото: pixabay.com

Таяу уақытта «Enotary» платформасында жылжымайтын мүлікті сату мәмілелерін онлайн жасауға мүмкіндік туады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталының kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Нотариальдық онлайн-мәміле іске қосылады. Таяу уақытта бұл жайында ресми орындар халықты құлақтандырады. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков осылай мәлімдеді. 

- Өздеріңіз білетіндей, бұрынырақ біз «Enotary» жобасын іске қосқан едік. Яғни, әлемнің кез келген нүктесінен телефон арқылы нотариусқа видеоқоңырау шала аласыз, оған барып сенімхат рәсімдеудің қажеті жоқ. Екі жылға жуық уақыт сынақтан өткіздік, қарадық, ешқандай кейістік, проблема болмады. Азаматтардан шағым түспеді. Соған орай ендігі уақытта аталған платформаға жылжымайтын мүлікті сатуды да қосқымыз келеді. Бұған қоса бұл онлайн ипотека да, - деді Бекболат Молдабеков.

Фото: pixabay.com.

Егер сіз онлайн ипотека рәсімдесеңіз, онда банкке 10-15 рет барудың қажеті болмайды. Бұл жұмысты нотариусқа видеоқоңырау шалу арқылы орындай аласыз. 

-Әрине, нотариус бәрін қайта тексереді. Сонымен қатар сіз биометриядан өтесіз. Телефоныңызға смс келеді. Демек, қауіпсіздіктің 3-4 кезеңі бар, платформа толықтай қауіпсіз, - деді Бекболат Молдабеков.

Оның атап өтуінше, 2023 жылдың сәуірінен сенімхат, көмек және ерлі-зайыптылардың келісімі сынды нотариалдық қызметтер онлайн форматқа көшірілген. 

Жоба іске қосылған сәттен бері 220 мыңнан астам цифрлық сенімхат рәсімделді және аталған қызметтерге азаматтар тарапынан ешқандай шағым болған жоқ.