Биыл 2 мың адам әскери резервке шақырылады

Биыл 2 мың адам әскери резервке шақырылады
фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Резервтегі әскери қызмет еңбек өтілі ретінде есептеледі

Сенат депутаттары резервтегі әскери қызметке қатысты заңды мақұлдады.

Биылдан бастап Қазақстанда әскери қызметтің жаңа түрі - резервтегі қызмет енгізіледі. Оған 2 мың адам шақырылады.

Әскери қызметтің бұл түрі ерікті болады. Әрбір адам өз қалауымен барады. Ал оны енгізудің негізгі мақсаты – мобилизациялық дайындық жүйесін жетілдіру. Заңға сәйкес, әрбір адамды резервтегі әскери қызметке тұрғылықты жері бойынша шақырады.

Резервтегі әскери қызметшіге тиесілі барлық киім-кешек пен құрал-жабдық беріледі. Сондай-ақ, ай сайын ең төменгі жалақы төленеді. Биыл оның мөлшері 85 мың теңгені құрайды. Резервтегі әскери қызмет еңбек өтілі ретінде есептеледі. Ол үшін зейнетақы жарналары да аударылады.

Резервтегі әскери қызметтің мерзімі – екі ай. Ал осы қызметке шақырылған адам барлық салықтан босатылады.

Сенат заңды мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді.

ҚазАқпарат