Мобильді ақша аударымдарына шектеу қойылды

Мобильді ақша аударымдарына шектеу қойылды
фото: pixabay.com

Енді қазақстандықтардың мобильді аударымдарына шектеу қойылады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады. 

Міндетті декларациялаудың төртінші кезеңі жойылғаннан кейін кейбір кәсіпкерлер қайтадан белсенді түрде клиенттерден аударымдарды қабылдай бастаған. Мемлекеттік кірістер комитеті талдау критерийлерін өзгертіп, мобильді аударымдар санын ғана емес, олардың жалпы көлемін де ескеруді жоспарлап отыр. Енді мобильді аударымдардың жалпы саны ғана емес, сондай-ақ олардың жалпы көлемі де есепке алынады.

Ерсайын Көптілеуұлы, ҚР Қаржы министрлігі Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы:

Бізде мобильді аударымдарды бақылау бойынша өлшемшарт белгіленген. Өлшемшарт негізінде ай сайын үш ай қатарынан 100 немесе одан көп тұлғалардан мобильді аударымдар арқылы төлем қабылдаған жайдайда аталған жеке тұлғалар назарға ілігетін болады. Аталған мәліметтерді екінші деңгейлі банктер ұсынатын болады.

Өлшемшарттың көлемі 255 мың теңге. Яғни, бір айда 100 немесе одан көп тұлғадан мобильді аударымдар арқылы 255 мың теңге төлем жасалса, демек ол адам жасырын бизнеспен айналысады деген сөз. Егер бизнеспен айналысып, табыс табатын адам кәсіпкер ретінде тіркелмесе, оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Заң бұзушы бір жыл ішінде қайта ұсталып қалса, айыппұлы мөлшері 30 АЕК-ке дейін өседі.

Материал qazaqstan.tv сайтынан алынды.