
фото: pixabay.com
«Еуроодақта Tiktok-ке тыйым салу керек». Эстонияның Сыртқы істер министрі осындай мәлімдеме жасап, Еуроодақ басшылығы өзекті мәселені тезірек шешуі тиіс, дейді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Киберқауіпсіздік үшін былтыр Еуропарламент, Еуропалық комиссия, Еуропа кеңесінің қызметкерлеріне ұялы телефондарына Tiktok-ті жүктеуге, пайдалануға тыйым салынған болатын. Одаққа мүше мемлекеттер шетелдік платформаны толық бұғаттамай, балалардың әлеуметтік желіні қолдануына жас айырмашылығына байланысты шектеу орнатуды ұсынуда.
«Баланың психикасына кері әсер ететін әлеуметтік желіні 15 жасқа дейінгілердің қолдануына тыйым салып, ЕуроОдаққа ортақ заң қабылдау қажет».
Дания, Норвегия мен Францияның білім министрлері осылай дабыл қағып отыр. Франция алғашқылардың бірі болып 2023-жылы 15 жасқа дейінгі балалардың ата-анасының рұқсатынсыз әлеуметтік желіге тіркелуіне тосқауыл қоятын заң бекітті. Бала смартфонға телміріп, желінің жетегінде кетпес үшін Бельгия, Нидерланд, Испания, Франция, Грекияда оқушыларға мектепте ұялы телефон қолдануға тыйым салынды.
Анне Ле Риш, мектеп директоры:
Телефон оқу процесіне, баланың денсаулығына кері әсер тигізетін болғандықтан тыйым салынды. Қазір сөмкелерінде, шкафта тұрады. Сағат төртте сабақ аяқталып, үйлеріне қайтарда қолдануға рұқсат. Бұл ұтымды шешім болды. Әйтпесе, бұрын үзілістің өзінде бәрі телефон шұқылап, бір-бірімен сөйлесуден қалып еді.
Мектеп қабырғасында телефонды пайдаланғандар бір күн сабақтан шеттетіледі. Ережені бірнеше рет бұзса, білім ордасынан қуылады.
Тибо Морэ, мектеп оқушысы:
Ережені күшейткені жақсы болды. Үзілісте доп тебеміз, бір-бірімізбен әзілдесеміз. Негізі, әлеуметтік желіден зиян көп. Ата-анам маған кешке тек бір сағат ойнауға рұқсат етеді. Сол жеткілікті.
Еуропалық ата-аналар балаларына 13 жасқа толғанша ұялы телефон сатып әперуге асықпайды. Әперген күннің өзінде түрлі мобильді қосымшалар арқылы ұл-қызының гаджетіне ата-аналық бақылау орнатып қойған. Соның көмегімен баласының қай сайтқа кіріп, кіммен сөйлескенін біліп, қажет болса, қашықтан-ақ телефонын бұғаттап тастайды.
Айтпақшы, «Tiktok кәмелетке толмағандарды қорғау міндеттемелерін бұзды» деп айыптап, 2023-жылы Еуроодақ желіге 345 млн еуро айыппұл салды. Қарт құрлық елдері биыл да шетелдік онлайн тұғырнамаларға және соған жататын әлеуметтік желілерге бақылауды күшейтпек.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через