Енді қазақ тілінің мәртебесі өседі

Енді қазақ тілінің мәртебесі өседі
фото: pixabay.com

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.

Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  Бұл түзетулер қазақ тілін мәдени құндылық ретінде әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді, мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін нығайтады.

— «Білім туралы» Заңында білім беру саласындағы уәкілетті органның өз құзыреті шегінде стратегиялық реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру жөніндегі құзыреті белгіленеді. Дарынды оқушыларды мемлекеттік қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру мақсатында халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының соңғы үш жылдағы жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін конкурстан тыс мемлекеттік білім беру гранттарын беру жөніндегі норма көзделеді. Жалпы, заңның қабылдануы еліміздің мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі саясатын іске асыруын, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау және білім беру салаларындағы заңнаманың сапасын жақсартуға ықпал етеді, — деді сенатор.

Өз кезегінде депутат Әсем Рахметова заң аясында Ұлттық сөздік қоры мен Ұлттық тіл корпусы құрылып, лексикалық қор жүйеленетінін атап өтті. Жасанды интеллект негізінде қазақ тілінің үлкен тілдік моделі (LLM) әзірленіп, мұнымен айналысатын арнайы ұйым белгіленеді. Бүгінгідей озық цифрлық технологиялар дамыған уақытта аталған жаңашылдық ерекше маңызға ие.

— Енді бұрынғыдай Терминкомның тізімін теріп, сөздіктер ақтарып отырмайсыз, ұлттық сөздік қор қазақ тілінің бас анықтамалығы сияқты болады. Бұл қазақ тілінің бай лексикалық құрамын жүйелеуге, сақтауға, зерттеуге мүмкіндік береді және цифрлық ортада қолданылу аясын ерекше арттырады, — деді Ә. Рахметова.. 

Сонымен қатар, заң аясында Халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына гранттар беру және «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриатқа түсу мүмкіндігі енгізіледі. 

Бұл шаралар жастардың білімге ұмтылысын арттыруға, болашағынан ерекше үміт күттіретін, өзгеше ойлап, ертеңіне сеніммен өсіп келе жатқан дарынды жастарымызды қолдауға бағытталған. Заңмен, тәлімгерлік институтын жетілдіруге бағытталған нормалар қаралып, тәлімгерлерді оқыту, қызметін қолдау және балалардың құқықтарын қорғау стандарттарын реттеу көзделеді, — деп түсіндірді Ә. Рахметова.