
фото: pixabay.com
Алматыда 31 қаңтар мен 1 ақпан аралығында VII Халықаралық Digital Almaty 2025 халықаралық форумы өтеді. Форум өнеркәсіптегі түбегейлі өзгерістер мен жасанды интеллектінің жаһандық индустрия келешегіне арналады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Форум аясында ЕАЭО елдері премьер-министрлерінің пленарлық отырысы өтеді. Цифрлық жиынға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения, Иран елдерінің үкімет басшылары мен Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері қатысады.
Цифрлық әлеммен таныстыратын екікүндік шараға 40 мыңнан аса адам қатысады.
Фото: Александр Павский/Kazinform
Дәстүрлі стартап аллеясы 80 халықаралық инновациялық жобаны ұсынатын болады. Бұл мыңдаған қатысушыға, соның ішінде инвесторларға жаңа идеялармен танысуға мүмкіндік береді. «Индустрия X» аймағында қазақстандық технологиялық компаниялар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жүзеге асырылған табысты жобаларды көрсетеді.
Отандық жер қойнауын пайдаланушылар мен АҚШ, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Иранның технопарктері панельдік сессиялар аясында жасанды интеллекттің өндірістік процестерде қалай қолданылатынын баяндайды
Форумға әлемдік деңгейдегі сарапшылар, оның ішінде Ричард Стирлинг (CEO Oxford Insights), Эндрю Ын (DeepLearning.AI негізін қалаушы), Сол Кэмпбелл (ағылшын футболының аңызы, «Арсенал» футбол клубының бұрынғы ойыншысы), Ян Лекун (Тьюринг сыйлығының лауреаты), Каан Терзиоглу (VEON Бас директоры), Тодзю Дюк (Bedrock AI және Diverse AI компанияларының негізін қалаушы және бас директоры), Ник Давыдов (венчурлық инвестор, DVC қорының тең құрылтайшысы және серіктесі), Йорам Вийнгаарде (Dealroom компаниясының негізін қалаушы және CEO) және басқа да ІТ және технологиялар саласындағы жетекші компаниялар мен ұйымдардың өкілдері қатысады.
Жалпы отырыс шеңберінде Digital Almaty Awards 2025 дәстүрлі сыйлығы табысталады.
Astana Hub — AI Movement бастамасының қорытындылары шығарылып, FIRST Tech Challenge республикалық кезеңі өтеді, онда 24 үздік мектеп командасы Digital Ministry Cup үшін бақ сынайды. Форумның маңызды оқиғаларының бірі Industrial AI Battle — AI және цифрлық трансформация саласындағы стартаптар арасындағы бәсеке болады.
Қатысушылар $60 000 жүлде қоры мен форум серіктестерінің гранттары үшін жарысады.
Еске сала кетейік, Digital Almaty ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через