Биыл Қазақстанға Қытайдан келетін туристер саны артады

Биыл Қазақстанға Қытайдан келетін туристер саны артады
фото: pixabay.com

Қазақстан 2025 жылы Қытайдағы ең перспективалық туристік бағыт деп танылды
 

Қазақстан «2025 жылғы ең перспективалық жаңа бағыт» марапатын иеленді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қытайдың жетекші онлайн-туристік агенттігі Tongcheng Travel бұл марапатты «Kazakh Tourism» компаниясына табыстады.

Фото: Kazakh Tourism.

Айта кеткен жөн, Қытайдағы ең ірі онлайн-туристік агенттіктердің бірі саналатын Tongcheng Travel платформасы 230 миллионнан астам қолданушыны біріктіреді.

Онлайн-агенттік деректеріне сүйенсек, 2024 жылы қытайлық туристер арасында Қазақстанға саяхаттауға деген сұраныс оған дейінгі жылмен салыстырғанда 300% арта түскен. Tongcheng Travel бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасады деп болжайды.

— Туризм жылы аясында Қытай туристерінің қатары шамамен екі есе артқанын және Қазақстанға саяхаттауға деген сұраныстың айтарлықтай өскенін байқадық. Біз бұл үрдісті қолдап, Аспан асты елінің жетекші онлайн-платформаларымен ынтымақтастықты кеңейтуді діттеп отырмыз, — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқармасы төрағасы Қайрат Сәдуақасов.

2024 жылы Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылы нәтижесінде ҚХР келген туристер легі 78% ұлғайып, 655 мың адамға жетті.