Алматыда құны 420 миллион теңгеден асатын «синтетика» прекурсорлары тәркіленді

Алматыда құны 420 миллион теңгеден асатын «синтетика» прекурсорлары тәркіленді
фото: pixabay.com

Алматы полициясы арнайы іс-шараны ҚР ҰҚК-нің көмегімен және қалалық Прокуратураның үйлестіруімен жүргізді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталына  Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметі хабарлады. 

Алматы мен Алматы облысының әртүрлі аудандарында синтетикалық есірткінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын БК-4 прекурсорларын сатумен айналысқан қылмыстық топтың 9 мүшесі ұсталып, қамауға алынды. 

«Ұсталғандардың тұрғылықты жерінде рұқсат етілген тінту кезінде ірі көлемдегі сұйықтық құйылған канистрлер, есірткі заттарын өндіруге арналған зертханалық жабдықтар, ұнтақты заты бар ыдыстар, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілерге ұқсас заттар табылды және тәркіленді. «Айғақты заттар тәркіленіп, сараптамаға жіберілді», - деді, Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес Басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Қабылданған шаралармен есірткі сатушылардың заңсыз тауарларды сақтаған үш орны белгілі болды.

Бұл ғимараттардан жалпы құны 422 миллион теңге (802.500 $) болатын 3 тонна 210 литр прекурсорлар табылды және тәркіленді.

Сонымен қатар, жедел іс-шаралар барысында алматылық күдіктілердің «қолдауымен» Қарағандыда есірткі зертханасын құрған топтың басқа да мүшелері анықталды. Олар ұсталып, қамауға алынды.