фото: sputnik.kz
Қазақстанда жолаушылар әуе тасымалы жыл басынан бері 27%-ке өсті. Сұранысты қанағаттандыру үшін республика жаңа ұшақтарды сатып ала бастады. 2025 жылға қарай отандық жолаушылар әуе компанияларының 145 жеке борты болады деп жоспарланған. Бұл туралы Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
"Биыл біз тағы 11 ұшақ сатып аламыз, содан кейін Қазақстанда 100 ұшақ болады. Ал 2025 жылға қарай отандық жолаушылар әуе компанияларының 145 жеке борты болады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жаңа авиамаршруттарды іске қосу жоспарымызда бар", - деді Марат Қарабаев жұмыс сапарымен Қостанай облысының тұрғындарымен кездесуде.
Сондай-ақ Қарабаев жолаушылар әуе тасымалдарының бағасы жоғары екенін мойындады, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Ұшақ бағасының қымбат екені қоғамда жиі талқыланатын мәселе. Билет қымбат, біз мойындаймыз. Қазір біз жаңа лоукостер мен халықаралық компанияның қазақстандық нарыққа шығу мәселесін пысықтап жатырмыз. Бәсекелестік пайда болады, сол кезде билет құны төмендейді. Сонымен қатар азаматтардың әл-ауқаты да біртіндеп өсіп келеді", - деді ол.
Бұған дейін қытайлық авиакомпаниялар Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер санын көбейтіп жатқанын хабарлаған болатын. 2024 жылдың көктем-жазында Қытай авиакомпаниялары орындайтын Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер саны аптасына 30-ға дейін өседі. Сонымен қатар Қытай әуе компаниялары Қытай мен Қазақстан арасында жаңа бағыттар ашады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через