Жаңа жылдық шыршалар құны қанша тұрады

Жаңа жылдық шыршалар құны қанша тұрады
фото: pixabay.com

Қазақстандықтар Жаңа жыл мерекесіне дайындалып жатыр. Kazinform тілшісі еліміздегі шырша бағасына бақылау жасады.

Жаңа жыл қарсаңында табиғи және жасанды шыршаға сұраныс артып, баға да көтерілетіні белгілі. Біз базардағы ең төмен бағаны салыстырып көрдік.

Фото pixabay.com.

Табиғи шырша

Тірі шыршаның ең арзаны Петропавлда болып шықты. Мұнда баға 3 мың теңгеден басталады. Аймақ Ресей Федерациясына жақын болған соң баға да соған сай төмен болып тұр. Қазіргі кезде өңірге шырша дәл осы елден әкелініп жатыр. 

Ал екінші орында Қостанай мен Орал қалалары тұр. Мұнда тірі шырша 4 500 теңгеден сатылып жатыр. Ал Көкшетау, Атырау мен Павлодарда баға алдыңғы аймақтарға қарағанда 500 теңгеге қымбат. Жаңа жыл жақындаған сайын мереке атрибутын 5 000 теңгеден арзанға таппайсыз. 

Айта кетейік, шырша бағасы оның әсемдігіне байланысты. Ұзын әрі қалың шырша сапасына қарай қымбаттай береді. Алматыдан орташа деңгейдегі шыршаны 5 500 теңгеден сатып алуға болады. Ал Астанада шырша құны 6 000 теңгеден басталып тұр. 

Сонымен бірге Қарағандыда да шырша сатылымда бар. Мұнда баға 7 мың теңгеден басталады. Жезқазғанда қылқанжарыпақтыны 7 500 теңгеден сатып алуға болады. 

Фото pixabay.com
  Ақтау, Қызылорда, Семей, Өскемен, Шымкент қалаларында табиғи шырша бағасы 20 мың теңгеден басталады. Шымкентте шырша әзірге тамырымен арнайы топырақта сатылады. Ал мерекеге арнайы кесілгені базарға 20 желтоқсаннан бастап шығарылады. 

Фото pixabay.com

Ал ең қымбат тірі шырша еліміз бойынша Тараз қаласында болып шықты. Мұнда баға 30 мың теңгеден басталады. Талдықорған, Ақтөбе, Түркістаннан бұл тауарды табу мүлде мүмкін емес. Базар мен сауда орындарының маңынан табылмады.