фото: pixabay.com
Оливье, манты, мандарин және аққайнар. Жаңа жылға арналған дастархан үстінде осы тағамдар тұрады. Елімізде мерекелік дастархан жаюға қанша теңге жұмсалады? Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі саралап көрді.
Жаңа жылға дейін бірер күн қалды.
Қазақстандықтар қазір мерекелік дастарханға қоятын ас мәзірін әзірлеп, оған қажетті тағамдарды сатып алып жатыр. Біз отбасындағы төрт жанға дастархан жаю құны қанша тұратынын саралап көрдік. Әрине, әр отбасының ас мәзірі әртүрлі. Сүйікті тағамдары да талғамға қарай өзгеше дайындалады. Соған қарамастан біз қарапайым ғана дастархан мәзірін алдық. Оған екі салат, манты, жеміс-жидек пен торт және шырынды қосып, шығынын есептедік.
Фото: pixabay.com.
Жаңа жыл түнінде дастарханда оливье немесе балық қосылған салат болады. Ал Жаңа жыл мерекесіне арналған дастарханның сәні – мандарин. Сонымен бірге қазақстандықтар ананасты да сол түнгі дастарханға қояды. Аққайнар да дастарханнан табылады. Дастархан басына жиналғандар бір-біріне тілек айтып, шарап ішсе, балаларға шырын немесе газдалған түрлі тәтті сусын береді. Енді төрт адамға арналған дастархан мәзірін есептеп көрейік.
Басты ыстық тамақ – манты. Әр отбасы оны әртүрлі дайындайды. Ет ішіне пияз, картоп немесе асқабақ қосады. Тартылған сиыр етінің келісі шамамен 3000 теңге тұрады. Ұн 600, пияз 200, картоп 150 теңге. Ал асқабақтың келісі 700-800 теңге. Қажетті қаржы - 4750 теңге.
Инфографика: Kazinform
Салат әзірлеуге не қажет?
Екі ыдысқа «оливье» дайындау үшін 200 гр піскен картоп (60 тг), 4 жұмыртқа (240тг), 200 гр шұжық немесе піскен ет (400тг), 200 гр тұздалған қияр (150 тг), 200 гр піскен сәбіз (50 тг), 100 гр пияз (40тг), 400 гр майонез (450 тг), 1 банка бұршақ (550тг), тұз және бұрыш (50 тг). Шығыны – 1990 теңге.
«Балық қосылған салат»: 400 гр тұздалған балық (900 тг), 300 гр піскен картоп (60 тг), 300 гр піскен сәбіз (80 тг), 100 гр пияз (40 тг), 6 дана жұмыртқа (450 тг), 300 гр піскен қызылша (200 тг), 400 гр майонез (450 тг). Шығыны – 2180 тг.
Шай дастарханына торт алады.
Десерттің бұл түрі шамамен 7000 теңге тұрады. Ал жемістен мандарин (1400 тг), алма (500 тг), ананас (2000 тг) алады. Сусынан аққайнар (2000-7000 тг), салқындатылған шырынды (500-1000 тг) дастарханға қояды.
Нәтижесінде Жаңа жылға арнап дастархан жаю құны 24 000 теңгеден асады.
Дастарханға қажетті тағам мен салатқа қосатын көкөніс пен өзге қоспалардың орташа бағасы алынды. Аймақтар арасында Тараз бен Түркістанда дастархан мәзіріне аз ақша жұмсауға болады. Ал қымбаты – Астана, Алматы және Атырауда.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через