фото: https://www.istockphoto.com/
Жаңа жылды Еуропада қарсы алғысы келетіндерге: қалтаңызда қанша ақша болуы керек?
Жаңа жылды шетелде қарсы алғысы келетіндер үшін Massaget.kz арнайы материал дайындады. Ерекше мерекеде Еуропаны аралағаңыз келсе, қалтаңызда қанша қаражат болуы керек.
26 елді аралаған саяхатшы, тур агенттіктің иесі Берікбол Сәрсенбайдың туризм саласында жүргеніне 5 жыл болған. Ол тур жасаудан бөлек, визаға дайындау және қолдау көрсету бойынша қызмет түрлерін ұсынады. Бұған дейін өзі 4 рет Шенген визасын және Америкаға 10 жылдық виза алған.
Ең танымал бағыттар қайсы?
Берікбол Сәрсенбайдың айтуынша, жаңа жылды қарсы алуға арналған ең танымал бағыттар - Парсы шығанағындағы круиз және Еуропа елдері. Әсіресе Чех Республикасы, Мажарстан (Венгрия), Францияның Страсбург қаласы.
"Бұлар - баға жағынан біраз қалтаны қағатын болса да, Жаңа жылды қарсы алуға таптырмас қалалар", - деді ол.
Сондай-ақ Еуропа елдерінің ішінде Будапешт, Прага, Вена Жаңа жылда ерекше безендірілетін қалалар қатарында екен.
"Бұл елдерге арналған 7-10 күндік турлар шамамен 790 000 теңгеден басталып, 1 миллион теңгеге жуықтайды. Бұл бағаға барып-қайтатын ұшақ билеттері кіреді. Сондай-ақ жатын орын мен таңғы ас та осы баға ішінде", - деді ол.
Ал Францияның Страсбург қаласындағы жаңа жылдық жәрмеңке - Еуропа жұртшылығы айлап күтетін қуаныштың бірі. Саяхатшы бұл кейбір еуропалықтар үшін дәстүрге айналғанын айтады.
Ең тиімді бағыттар қайсы?
Саяхатшы қазақстандықтар үшін жаңа жылдық атмосфераны сезінуге тиімді қалалар ретінде Мәскеу, Тбилиси, Милан секілді қалаларды да атады. Өйткені дәл осы бағыттарға Алматы, Астана қалаларынан тікелей рейс бар.
Жаңа жылдық ерекше дәмді қай елден татуға болады?
Берікбол Сәрсенбай Жаңа жылда қай елдердің асханасынан дәм тату керек екенін айтады. Олар:
Narisawa, Токио, Жапония - Жапонияның ең танымал мейрамханаларының бірі, мұнда дәстүрлі жапон тағамдары заманауи көрініспен дайындалады әрі ерекше жаңа жылдық мәзір ұсынылады. Жаңа жылда жапониялықтар "осечи" деп аталатын дәстүрлі тағамдарын жейді. Бұл тағамның әрқайсы Жаңа жылда сәттілік пен бақ тілейді.
Osteria Francescana, Модена, Италия - Италияның үш жұлдызды мейрамханасы, Жаңа жылдық мәзірді ерекше ұсынады. Италияда Жаңа жылда көбіне "лентикула" (lentils) дайындалады. Бұл - бұршақ пен етті мол етіп араластыру арқылы дайындалған тағам. Бұл тағам Жаңа жыл байлық әкелетінін білдіреді.
Францияда Жаңа жылдық дастарқанда фуа-гра, асшаян мен рагу сияқты тағамдар ұсынылады, сонымен қатар жұмсақ торттар мен шоколадтан жасалған десерт көп.
Қай кезде жоспарлаған дұрыс?
Саяхатшы Жаңа жылға орай саяхатты жоспарлауға ең тиімді уақыт жаздың соңынан күздің басына дейінгі мезгіл, яғни 3-4 ай бұрын екенін айтады.
"Осы уақыт ішінде билет бағалары қымбат болмайды, оның үстіне таңдаулы орындар мен қонақүйлер қолжетімді бағада болады. Алдын ала жоспарлау арқылы арнайы ұсыныстар мен жеңілдіктерді пайдалану мүмкіндігі де артады. Мысалы, Жаңа жылға арналған арнайы бағдарламалар мен іс-шараларға билет сатып алу кезінде ертерек әрекет ету маңызды", - деп түсіндірді ол.
Саяхатшыдан кеңес: қыстағы саяхаттың қиындығы неде?
Тур агенттік иесі Жаңа жылды Еуропада қарсы алғысы келетіндерге құлаққағыс жасады:
Ауа райы. Қыс мезгілінде көп жерде ауа райы өте суық болады, қар жаууы мүмкін, көктайғақ болып жатады. Бұл туристердің саяхатын қиындатуы мүмкін. Жолдардың жабылуы, әуежайлардың жұмысын тоқтатуы, туристік орындардың уақытша жабылуы сияқты мәселелер пайда болуы мүмкін.
Бағалар. Қыс мезгіліндегі туристік маусымға байланысты баға өседі. Мысалы, қысқы курорттарда, әсіресе тау шаңғысы курорттарында баға көтерілуі мүмкін.
Халықтың көптігі. Жылдың соңғы айлары мен мерекелер кезінде туристік бағыттарда халық көбейетіні байқалады. Мысалы, Рождество мен Жаңа жыл кезінде адам көп болуы - әуежайлардағы, қонақүйлердегі, көрнекті орындардағы кезекті көбейтеді.
Айта кетейік, биыл Жаңа жылға орай аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 1-4 қаңтар аралығында, ал алты күн жұмыс істейтіндер 1-3 қаңтар аралығында демалады.
https://kaz.tengrinews.kz/tengritravel/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через