фото: pixabay.com
Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтар Аяз ата мен Ақшақар шақырып, балаларын қуынтады. Қызмет көрсетудің бұл түрі қазір жоғары сұранысқа ие. Сұранысқа ұсыныс әрқилы, бағасы орта есеппен 13 мың теңгеге шығады. Kazinform агенттігінің тілшісі қай аймақта қымбат, қайсысында арзан екенін бағамдап көрді.
Жаңа жыл жасыл шаршамен, Аяз ата және Ақшақармен сәнді.
Ертегі кейіпкерлерін ересектер үйге шақырып, балаларына қиял-ғажайыпқа толы көңіл-күй сыйлайды. Сұранысқа сай актерлар мен аниматорлар екі апта бұрын үй-үйді аралауға тапсырыс қабылдайды.
Аяз ата мен Ақшақар шақыру еліміз бойынша Парлодарда арзан болып шықты. Мұнда баға 6 мың теңгеден басталады. Ертегі кейіпкерлері шақырған үйге шамамен 15 минут аялдайды. Тек осы өңірде емес, еліміздің барлық аймағында құттықтау уақытының ұзақтығы шамалас.
Фото: pixabay.com
Еліміздің қай қаласында баға қымбат?
Қазақстанның астанасында баға 7 мың теңге. Мұнда Аяз ата мен Ақшақар үйге келіп, балаларға жаттаған, дайындаған тақпағын айтқызады. Кейін ақ тілегін айтып, келер жылы қайта жолығатынын, өзге балалар да күтіп отырғанын айтады. Ал бағдарлама қызықты, ойынға толы болсын десеңіз, баға өсе береді.
Астанаға қарағанда Жезқазғанда баға 500 теңгеге жоғары. Мұнда қызмет құны 7500 теңгеден басталады. Айта кеткен жөн, аймақта бұл қызметті ұсынатын адамдар аз. Дегенмен сол 15 минут ішінде бірге ән айтып та үлгереді.
Ал Шымкент, Қостанай, Талдықорған мен Оралда баға 10 мың теңгеден басталады. Аяз ата балаға сыйлық әкелмейді, оны ата-аналар өздері дайындап, алдын-ала беріп қоюы керек. Кейбірі екі тілде де қызмет көрсете алатынын алдын ала айтып қояды.
Фото: pixabay.com
Атырауда баға сәл өзгеше. Мұнда қызметтің бұл түрі 12 мың теңгеден басталады. Аниматорлар мен актерларды тек үйге емес, ұжым балаларының мерекелік кештеріне де шақыруға болады. Баға да сәйкесінше өсе береді. Кейбір хабарламада 25-30 мың теңге деп бағаны бекіткен. Ал кейбірінде әр балаға тағы 1-2 мың теңге қосылатыны ескертілген.
Аяз ата мен Ақшақар қызметі көп аймақта 15 мың теңге болып шықты. Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе, Петропавл, Көкшетау, Қызылорда, Семейде ақысын төлесеңіз, Аяз ата Ақшақарын ертіп үйіңізге келеді. Сапаршылар оларды шақырмас бұрын фотосын алдырып, киім үлгісін көріп, танысып алуға кеңес береді. Балалардың Аяз атаға сеніп, шын ниетпен тілек тілеуі үшін басты кейіпкердің киімі лайықты болуы тиіс. Киімі жұтаң, олпы-солпы болса, сақал-мұрты қозғалып, әр жағынан адам кейпі анық көрінсе, бар қызық ғайып болады.
Ал үшінші орында Ақтау қаласы тұр. Мұнда актерлар қызметі 18 мың теңгеден басталады. Аяз ата мен Ақшақар үйге келіп, сыйлық ұсынады. Ойын ойнамайды, ән айтпайды. Тек естелік фотоға түсіп үлгересіз. Ал егер өзге де бағдарлама қосқыңыз келсе, баға 25 мың теңге болады. Бір айта кететін жайт, Ақтауда бәсекелестік жоқ. Мұндай қызмет түрін ұсынатын актер аз, сәйкесінше баға да жоғары.
Коллаж: Kazinform
Екінші орында Алматы мен Өскемен тұр. Мұнда баға 20 мың теңгеден басталады. Алматыда тек қала ішінде емес, қала маңындағы тұрғын алаптарына да Аза ата мен Ақшақар барады. Ол үшін 10 мың теңге қосу керек.
Жаңа жылдық көңіл-күй сыйлау қызметі Таразда қымбат. Мұнда баға 25 мың теңгеден басталады. Оған қай күні, нешеде шақырғаны әсер етеді. Тек қызмет үшін алдын ала ақысын төлеп қою өте қауіпті. Алданып қалсаңыз ақшаңыздан айырыласыз, көңіл-күйіңіз бұзылады.
Айтып өтейік, 30 желтоқсанға дейін Аяз ата мен Ақшақарды шақыру бағасы төмен. Ал 31 желтоқсан күні сағат 21:00-ден кейін екі, тіпті үш есе қымбаттайды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через