Қазақстандықтардың көбі ананасты жаңа жыл мерекесінде ғана алады

Қазақстандықтардың көбі ананасты жаңа жыл мерекесінде ғана алады
фото: https://pixabay.com/ru/users/joan

        Жаңа жылда мандарин мен апельсин сияқты ананас та мерекелік дастарханнан табылады. Сатушылар желтоқсан айының аяғында бұл жеміске сұраныстың күрт артатынын айтады. 
       - Көптеген елдерде ананас молшылық пен байлықтың, қонақжайлық пен татулықтың символына баланады. Мәселен, Кариб теңізі мен Гавайи аралдарындағы адамдар оны «тәж жемісі» деп атап, сыйлы қонақ келерде үйлерінің алдына немесе қонақ бөлмесіне қойып қояды екен. Онысы мейманға деген ерекше құрметін білдірсе керек. Ал қытайлықтар үйге молшылық пен сәттілік әкеледі деп, жаңа жылдық дастарханға міндетті түрде ананас алады. Қазақстандықтар да көбіне осы мерекеде ғана «тәж жемісін» үстелге қоюды дәстүрге айналдырған. Бірақ оның наным-сенімге ешқандай қатысы жоқ, – дейді мәдениеттанушы Айдана Құлман

        – 1999-2000 жылдары ананас сияқты тропикалық жемістер экспортпен елімізге әкеліне бастады. Ал мұндай жемістерді негізгі тұтыну уақыты көбіне жаңа жыл болды. Осы мереке уақытында грейпфрут, киви, ананас көп сатылады. Сол арқылы ритуалға айналып кетті. Мәселен, Құрбан айт мерекесінде құрма көп сатылады. Сол сияқты, барлық қазақстандықтардың үстелінде жаңа жылда ананас тұрады. Бірақ оған өзге елдердегідей «тәж жемісі» деп құрметпен қарап жатқан ешкім жоқ. Бұл жеміс тек жыл сайын алынатын дастархан мәзірінің бір бөлігі болып қалды, – деді мәдениеттанушы Айдана Құлман.

         Ананастың отаны – Бразилия мен Парагвай. Кейбір мәліметтерде Бразилия әлемге жылына 2-2,5 млн тонна «тәж жемісін» экспорттайтыны жазылады. Қызығы, бұл жемістің біз біле бермейтін түрлері көп екен. Атап айтар болсақ, ең танымал түрлері: Smooth Cayenne, қою сары түсті Queen («ханшайым»), Red Spanish («қызыл испандық»), Abacaxi, Pernambuco, гибрид түрі MD-2, Antigua Black, және Kona Sugarloaf. Қазақстан нарығында көбінесе тасымалдауға төзімді және экспортқа арналған Smooth Cayenne және MD-2 түрлері кездеседі. Құрамы дәруменге бай жемісті мамандар жиі тұтынуға кеңес береді.

        – Ананас – калориясы аз жеміс. Оның 100 граммында небәрі 52 калория бар. Дәруменге бай бұл жемістің құрамында антиоксиданттар мен биофлавоноидтар көп. Яғни, олар біздің қан тамырларымызды қорғап, көру қабілетімізді арттырады. Ананастың ерекшелігі – құрамында ас қорытуға көмектесетін бромелайн деген фермент бар. Тамақтан кейін 1-2 тілім ананас жесек, әсіресе ақуызы мол тағамдарды, етті жақсы қорытады. Бірақ асқазанда жарасы бар адамдарға ананасты көп тұтынуға кеңес бермеймін, – деді нутрициолог Гүлмира Әліпова.

       Кірістер комитетінің есебінше, өткен жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында республикаға жалпы салмағы 51 969 тонна цитрус және экзотикалық жеміс импортталған.

       https://kaz.inform.kz/