Қазақстандағы қысқы демалыс орындарында қызмет көрсету құны қанша тұрады

Қазақстандағы қысқы демалыс орындарында қызмет көрсету құны қанша тұрады
фото: pixabay.com

Қазақстандықтар қысқы демалыстарда өзге елге бармай, өз жерімізде өткізгенді жөн көреді. Олар қайда барады, қызмет көрсету құны қанша тұрады? Kazinform агенттігі бағаларды салыстырып көрді.

Алматы қаласы мен облысы - тұмса табиғат мекені. 

Мұнда шыңын қар басқан тауды тамашалап, табиғат аясында демалуға болады. Алматыда қысқы туризм инфрақұрылымы жақсы дамыған әрі сапасына қарай бағасы да әрқилы. Көпшілік бірден Шымбұлаққа барады. Мұнда таяуда ғана абонемент бағасы көтерілді. Ересектер үшін күніне 17 500 теңге деп бекітілген. Белсенді демалысты жақсы көретін адамдар шаңғы және сноуборд жолағында уақытты тиімді әрі көңілді өткізе алады. Ал экстремалды жақсы көретін адамдар, тәуекелшілдер фрирайд, яғни, арнайы дайындалмаған жолақты таңдай алады. Қызметтің барлық түрін таңдасаңыз бағасы - 30 000 теңге.

Фото: pixabay.com

Естен кетпес қызыққа батқыңыз келсе Тянь-Шань тауын көктен тамашалауға болады. Қызмет құны - 55 000 теңге. Қаланың күйбең тірлігінен шаршағандар орманның тыныштығына шомылып, атпен серуендей алады. Қызмет құны сағатына 6000 теңгеден басталып, 10 000 теңгеге дейін барады.

Бір адамға арналған нөмір бағасы 16000 теңгеден басталады. Ал люкс құны 240 000 теңгеге жетеді.

Шығыс Қазақстан облысы - белсенді демалыс пен тәуекелді сүйетін жандар үшін таптырмас орын. 

Мұнда тау шаңғысы трассасы бар. Сноуборд-парк және сноукайтинг таңдаған адам қызыққа кенеледі. Бұрын бұл спорт түріне қызықпаған жандарға нұсқаушылар көмектеседі. Бір күндік абонемент бағасы 6000 теңгеден басталып 15 000 теңгеге дейін жетеді. Демалыс орнында отбасымен бірге уақыт өткізетін адамдарға да қызық табылады. Шана, тюбинг бағасы 3 мың теңгеден басталады. Аспалы жолмен жүріп өту бағасы 1000 теңгеден басталып 4000 теңгеге жетеді. Ал бір күндік абонемент бағасы 11 000 теңгеден басталып 24 000 теңгеге дейін барады. Ол кезде қысқы спорт түрінің кез келгенін еш кедергісіз таңдауға болады. Туристер үшін қонақүй де бар. Онда стандарт нөмірлер бағасы - 18 000 - 30 000 теңге аралығында. Немесе 90 мың теңге төлеп, төрт адамдық нөмірі бар үйді таңдауға болады. Үй көл жағасында орналасқан.

Фото: pixabay.com
Ақмола облысында жазға қарағанда қысқы демалыс әлдеқайда қолжетімді. 

Баға неше күн демалатыныңызға және қаншалықты жайлы орын таңдайтыныңызға байланысты болады. Шучье-Бурабайда тау шаңғысы мен сноуборд және Зеренді курорттық аймағында бірнеше тау шаңғысы трассасы бар демалыс орнын таңдауға болады. Бір сағаттық демалыс 7000 теңгеден басталып, 13000 теңгеге жетеді. Балалар үшін жеңілдік қарастырылған. Оларға сағатына - 3500-6500 теңге. Экстрималды спорт түрін таңдағандар квадроцикл және қарда жүретін көлікпен серуендеуге арналған турмаршрут ұсынылады. Отбасылық демалысты қалаған адамдар шанамен сырғанап, хаски иттерімен қыдыра алады. Бағасы 5000 теңгеден басталады. Ал өзге демалыс түрін таңдағандар шаңғымен серуенге шығып, скандинав жүрісі бар маршрутты таңдайды. Қызмет құны 6 мың теңгеден басталады.

Коньки тебуді қалайтындар үшін ашық мұз айдындары жұмыс істеп тұр. Көл бетінде хоккей ойнауға болады. Ал тәжірибелі сноубордшылар мен шаңғышылар үшін фрирайд маршруты бар. Мұндағы барлық қызмет түрі 33 000 теңге шамасында.

Стандарт нөмірлерінің бағасы шамамен 24 000 теңге болып тұр. Ал VIP виллалар бағасы тәулігіне 430 мың теңге.

Фото: pixabay.com
Имантау-Шалқар курорттық аймағындағы табиғи ландшафтты қазақ жеріндегі Швейцария деп атайды. 

Туристер Солтүстік Қазақстандағы табиғат таңғажайыбын жыл бойы тамашалап, тынығады. Дегенмен қысқы кереметтің орны ерек. Бұл жерде белсенді демалыс пен сауықтыруға бағытталған 10 туристік нысан бар. Келушілерге квадроцикл, шаңғы, коньки ұсынылады. Экстрималды жақсы көретін адамдар шанамен және сноубордта сырғанайды. Бағасы 15 000 теңгеден басталады. Сонымен бірге Шалқар мен Имантауда балық аулайды. Бағасы 6500 теңгеден басталады. Денсаулығын шыңдағысы келетін адамдар мұздай суға шомылады. Қыста суда жүзуге бар жағдай жасалған. Бағасы 7 мың теңгеден басталады. Демалыс орнында бір күн түнеу орта есеппен - 15 000 теңге.

Фото: pixabay.com
Төле би ауданындағы тау шаңғысы базасына Шымкенттен бір сағатта жетуге болады. 

Мұнда қар аз болған күннің өзінде заманауи технологияның көмегімен сырғанауға бар жағдай жасалған. Тауда 152 адамға қызмет көрсете алатын аспалы жол бар. Бір рет көтерілу құны балаларға 2500 теңге, ересектерге 5000 теңге.

Демалыс орнында фрирайдты таңдайтындар үшін бірнеше трасса қарастырылған. Сонымен бірге дайын жолақты таңдайтын адамдарға арнайы маршрут ұсынылады. Бағасы 3000-10 000 теңге аралығында.

Стандарт нөмірлерде тұру бағасы 30 000 теңге. Ал бір топ адамға, оның ішінде 10 жанға бағасы 270 000 теңге болатын коттедж ұсынылады.

Жабдықтарға қосымша ақы төлейді

Қазақстанның тау-шаңғы курорттарына бару үшін қосымша ақша керек екенін ұмытпаған жөн. Мұнда киім мен түрлі керек-жарақты алдын ала жалға алу керек.

Шаңғы мен сноубордты бір күнге жалға алу бағасы 5000-10000 теңге.

Сноубордқа арналған киім және керек жарақ құны 6000-13000 теңге аралығында. Шлем мен түрлі қажетті қорғаныс заттары 1000-3000 теңге аралығында.

Фото pixabay.com

Нұсқаушы қызметі:

Шаңғы мен сноуборд тебуді үйрететін жеке нұсқаушы қызметі сағатына 7000-15000 теңге тұрады.

Топтық дәріс бағасы сағатына 4000-6000 теңге.