фото: pixabay.com
Елде пойызға билет таба алмай әуреге түскендердің шағымы көбейді. Әсіресе Алматы мен Астанадан батыс аймақтарға билет тапшы. Бқл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бағасы арзанырақ орынға билет сатып алу мүмкін емес. Тек люкс вагондарға орын бар дейді жолаушылар. Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясы мұны сұраныспен байланыстырып отыр. Айтуынша, сұранысы жоғары бағыттарға осындай жылдам пойыздарды қалдырған.
Әлия Отарова Атырауға жиі барады. Бірақ соңғы кездері осы бағытта билет табу оңай емес. Сондықтан билет алу үшін бір ай бұрын қамдана бастайды. Айтуынша, қазір Алматы - Атырау бағытына бір бағыттағы билет құны 30 мыңнан жоғары. Ал мереке қарсаңында билет табу тіпті қиын.
Әлия Отарова: — 16 желтоқсан, соңғы рейске шығады, қарапайым пойыз, 029 деген. Одан кейін оны Алматыдан шешеді. Алматыдан Атырауға жүрмейді. Тек «Тальго» қалатын болып тұр. Оның билеті 33 мыңнан. Неге Алматы-Атырау пойызын жібермей жатыр? Тек қана «Тальго».
Әлия тапшылықтың қолдан жасалғанына сенімді. Жұрт жақындарымен жолығатын мереке қарсаңында «қалта толтырудың амалы» дейді ол. Десе де уақыт жақындаған сайын құны екі есе қымбат билеттер бар. Жолаушы тасымалымен айналысатын компания бұл жағдай «жаңалық емес» деп отыр. Өйткені жолаушылардың басым бөлігі еліміздің батысы мен оңтүстігі арасында қатынайды екен. Оған қоса, бұл бағыттарға жылдам әрі жайлы пойыздар сұраныстың көптігінен кейін қосылыпты.
Нариман Дүйсекеев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы: — Мереке қарсаңында билет жоғары сұранысқа ие. Сондықтан ұлттық тасымалдаушы компания бірнеше бағытқа қосымша пойыз шығарады. Ал жүрдек пойыздарға байланысты, бұған дейін бізге жолаушылар мен депутаттар көптеген шағым түсірді. Олар қарапайым емес, жылдам жүретін пойыздарды сұратқан. Қазір жүрдек пойыздардағы жолаушы саны жүз пайызды құрап отыр. Барлығы салқындатқыш, бейнебақылау камераларымен, сондай-ақ вагон-мейрамханамен жабдықталған.
Соңғы он жылда жолаушы тасымалымен айналысатын компания вагондар паркінің жартысын ғана жаңартқан. Елде Астана - Алматы, Астана - Шымкент теміржол бағыттарының сұранысы ең жоғары. Бұл бағытқа жылына 1 миллионға жуық, ал қалған бағытта 400 мың жолаушы әрі-бері қатынайды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через