Мектептерде жаңа жылдық мерекеге ақша жинауға тыйым салынған – Министр

Мектептерде жаңа жылдық мерекеге ақша жинауға тыйым салынған – Министр
фото: pixabay.com

Мектептерде жаңа жылдық іс-шараларға ақша жинауға жол берілмейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкіметтегі брифингте айтты. 

Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

– Бұрын да айтқанымыздай, мектептерде ешқандай ақша жинау болмауы керек. Осы және басқа да іс-шаралар бойынша үнемі министрлік бұйрығымен тыйым салынғанын айтып келемін. Сондықтан мектептерде ешқандай ақша жинауға жол берілмейді. Бұл жаңа жылдық шыршаларға, мерекелік кештерге де қатысты. Кез келген іс-шараны ақша жинамай-ақ өткізуге болады. Әсіресе, қазір барлық іс-шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жоспарланған, – деді Бейсембаев.

Министр кез келген іс-шара көңіл көтеруге емес, балаларды тәрбиелеуге бағытталуы керек екенін баса айтты. Сонымен бірге, Ғ.Бейсембаев мұғалімдерге сыйлық беру мәселесіне де тоқталды.

– Сыйлықтарға да қатысты «Гүл сыйлауға бола ма?» деген сұраққа жауап бергенмін. Иә, рұқсат етілген шекте болады. Менің білуімше, мұғалімдер ешқандай сыйлық күтпейді. Біз балаларды ешқандай материалдық марапат күтпеуге үйретіп, тәрбиелеп жатырмыз, – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі.

Айта кетейік, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 2027 жылға дейін 180-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қоса алғанда, ауылдарда 42 мектеп пайдалануға берілді.

Еліміздегі 8 мыңға жуық мектептің 67% немесе 5247-сі – ауыл мектебі. Оқушылардың 40% ауыл мектебінде білім алады.

Сондай-ақ, елімізде үш ауысымды, апатты мектептердің басым бөлігі ауылдарда байқалып отыр.