«Алтын қалам» байқауы маған айрықша шабыт берді

«Алтын қалам» байқауы маған айрықша шабыт берді
фото: Алтын қалам байқауы

 Қай заманда да адам мен қоғамның сабақтастығына байланысты уақыт ағымына қарай туындай беретін мәселелер қаламгерлерді толғандыратыны заңды. 

Әр адам, әр мемлекет бақытты өмір сүруге, сол бағытта бар күш-жігерін жұмсауға мүдделі. 

Фото Алтын қалам байқауы

Әр адам, әр мемлекет бақытты өмір сүруге, сол бағытта бар күш-жігерін жұмсауға мүдделі. Өркениеттің өзгеруі үнемі күн тәртібінде міндетті түрде назар аударуды талап ететін сауалдар мен қажеттіліктерді алға тартып келеді. Адамзаттың болашағы осы орайда қаншалықты қарекет пен әрекет жасай білуімен тікелей сабақтас. Кәзіргі кезеңде адамзат тіршілігіне қолайлы ғаламдағы жалғыз планетаны аман сақтау – тіршілік алғышарты. Сондықтан ең алдыңғы кезекте бейбітшілікті нығайту мәселесі ұдайы зер салуды  қажет ететін себебі  -адамзат өзін өзі жоқ етудің жолында келе жатыр. Жойқын қарулану, адамды жоқ етудің саналуан ақылға сыйымсыз айла-шарғыларын тартынбай, тайынбай үнемі іздеу жанталасы еріксіз алаңдатады. 

Фото Алтын қалам байқауы

«Алтын қалам – 2024» республикалық жабық әдеби байқауына ұсынылып, бас жүлде берілген «Уран кеніші» атты әңгімемнің жазылуына шешуші әсер еткен, басқа да шығармаларымның негізгі лейтмотивіне айналған – көп жылдар бойы көкейімде жүрген, бүгінгі кезең мен болашақ алдындағы осындай жауапкершілікті сезіну салмағы еді... «SOS» белгісі» деген әңгімем мен 2022 жылы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы берілген  «Іздер құпиясы» атты жеткіншектерге арналған романыма Семейдегі атом полигонының мыңдаған жылдарға созылатын ауыр зардабы арқау болды.

Фото Алтын қалам байқауы

«Алтын қалам» байқауы ашылғаннан бастап, көптеген жас қаламгерлердің бағын ашып, әдебиеттің шексіз айдынында құлаш ұруына игі ықпал жасағанын зор қанағаттанғандық сезіммен атап айтар едім. Осы байқауда ілкі қадамдарымен танылған сол жастар бүгінде әдебиетіміздің танымал өкілдеріне айналды.

     Алғашқы адымымды көркем әдебиет саласында бастағаныммен, кейін көп жыл бойы әдебиеттану саласында еңбек етіп, 2018 жылдан бастап, жаныма жақын өнерге оралғанымда, «Алтын қалам» байқауының сол жылғы бас бәйгесі айрықша шабыт бергенін зор құрметпен айтатынымды жасырмаймын. Әрине, оған дейін де бірнеше рет жүлделерге ие болғаным бар. Дегенмен мен үшін «Алтын қаламның» орны бөлек. «Алтын қаламның» эмоциялық қолдауының арқасында одан кейін тағы да алты рет байқауға қатысып, жүлде берілгенін сөз арасында айта кету – мақтаныш емес, әділ байқаудың шығармашылыққа қалай оң әсер ететінін ескеру.

Фото Алтын қалам байқауы

    Ешқандай жең ұшынан жалғасуға ырық бермейтін, коррупция мен трайбализмнен аулақ бұл байқаудың кәзіргі таңда әділеттілікті басты ұстанымы ретінде айқындауы ұйымдастырушылардың азаматтық адалдығы мен ар алдындағы жауапкершілігінің дәлелі. Ылайым, сол бағыттан танбасын!

Біздің анықтама:  Бекен Бекмұратұлы Ыбырайым

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі,

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты,    «Алтын қалам – 2018», «Тәуелсіздікке 30 жыл» конкурстарының балалар әдебиеті бойынша бас жүлдегері, бірталай республикалық жабық әдеби байқаулардың түрлі жүлделерін алған.                  

"Сапалы Қазақстан" ақпараттық-сараптама порталы "Алтын қалам" әдеби байқауының ақпаараттық серіктесі.