фото: https://pixabay.com/ru/
617 млн теңгеден астам қаржы жеке серіктестікке төленген, қала бюджетіне 109 млн теңгеге жуық ақша түскен
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Астанадағы ақылы автотұрақтардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде қалада 7 216 ақылы автотұрақ бар, оны жыл соңына дейін 10 000-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ақылы тұрақтардан алынатын ақшада жекеменшік компанияның үлкен үлесі бар.
"Ең сорақысы, 2018 жылдан 2022 жылға дейін ақылы автотұраққа төленген ақшаның 95 пайызы жеке серіктеске, тек 5 пайызы мемлекетке түсіп келген. Ресми сандарға назар салсақ, 2021 жылы Астанадағы ақылы автотұрақтарға азаматтарымыз 90 994 105 теңге төлеген, 2022 жылы 152 466 542 теңге төлеген. Мұның қаншасы мемлекетке түскенін есептеу қиынға соқпайды. Бұл халықты қанау емес пе?",- деді Аралбайұлы мәжілістің жалпы отырысында.
2022 жылдың соңында ақылы тұрақ үшін төленген ақшаның 75 пайызы жеке серіктеске, ал 25 пайызы мемлекетке түседі деген шешім шығарылды.
"Мемлекеттік мекеме құрып, қаржыны толық мемлекетке түсірудің орнына бұл міндеттің неге жеке компанияға берілгені түсініксіз. Нақты сандар, 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда азаматтарымыз Астанадағы ақылы автотұрақтарға 725 995 427 теңге төлеген. Соның 617 315 439 теңгесі жеке серіктестікке төленген, тек 108 679 988 теңгесі қала бюджетіне түскен", - деп атап өтті депутат.
Осы орайда Аралбайұлы үкіметке депутаттық сауал жолдап, ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік оператор құруды ұсынды. Ал жекеменшік компанияға тұрақ аумағын күтіп ұстау мен жолын жөндеу қызметін қалдыруды қажет деп санайды.
"Ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын іскерлік аудардарда ғана қалдырып, қалғанын қысқарту керек. Тұрғын үйлер мен саябақтардың аумағында ақылы тұрақ болмауы қажет", - дейді Аралбайұлы.
Оның ойынша, ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын кемінде 30 минутқа жеткізу керек.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через