Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан жеке куәлікпен өту тәртібі енгізілмек

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан жеке куәлікпен өту тәртібі енгізілмек
фото: pixabay.com

Өзбекстан Қазақстан мен Тәжікстан шекарасынан ID-картамен өту тәртібін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Олий Мажлистің Заң шығару палатасы депутаттарының алдында сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлімдеді, деп хабарлайды kaz.inform.kz  агенттігінің меншікті тілшісі.

«Қазіргі уақытта біздің азаматтар Қырғызстанға ID-картамен (жеке куәлік — авт.) еркін бара алады. Енді осындай тәртіпті Қазақстан және Тәжікстанмен шекараларда енгізу жоспарланып отыр», — деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан басшысы атап өткендей, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты нығайту, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету сыртқы саясаттың басым бағыты болып қала бермек.

«Келесі жылы елімізде өтетін „Орталық Азия бестігінің“ кездесуі осы байланыстарды нығайтуға бағытталған үлкен қадам болмақ», — деп тоқталды Өзбекстан президенті.

Еске салсақ, кеше Өзбекстан үкіметі отставкаға кетті. Бүгін Шавкат Мирзиёев жаңа премьер-министрдің кандидатурасын депутаттарға ұсынып жатыр.

Олий Мажлис депутаттары сайланғаннан кейін премьер-министр мен министрлер жаңа сайланған парламент алдында өз өкілеттігін тоқтатады. Тиісінше бұл қалыпты процедура жаңа депутаттардың көмегімен үкімет құрамын жасақтауға бағытталған.