Қазақмыс Балқаштың тұрақты экожүйесін сақтауға 5 млн доллар бөледі

Қазақмыс Балқаштың тұрақты экожүйесін сақтауға 5 млн доллар бөледі
фото: https://pixabay.com/ru/

Қаражат көлдің экожүйесін зерттеуге, судың биоалуантүрлілігі мен сапасына мониторинг жүргізуге бағытталады

Қазақмыс корпорациясы Балқаштың тұрақты экожүйесін сақтауға 5 млн доллар бөледі. Бұл туралы "Балқаш көлінің су ресурстарын басқару: Халықаралық ынтымақтастық, зерттеулер және қаржыландыру" атты іс-шарада айтылды.

Корпорацияның басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев Қазақмыс қоршаған ортаны қорғау жауапкершілігін өз мойнына алатынын атап өтті.

"ESG қағидаттарына сүйене отырып, компания экологиялық бастамаларды белсенді қолдайды және атап айтқанда, Балқаш көлінің экожүйесін сақтауға ерекше назар аударады", - деді ол.

Экологиялық сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақмыс Балқаш көлінің экожүйесін сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған бірқатар бастаманы іске қосты. Бұл бастамаларға суды басқарудың инновациялық әдістерін қолдану, өнеркәсіптік суды тұтынуды азайту, суды қайта пайдалануды кеңейту, экожүйенің күйін бақылау технологияларын енгізу кіреді.

"Корпорация көлді сақтауға бағытталған жобаларды қаржыландыруға 5 миллион доллар бөлетінін жариялап, диалогтан әрекетке көшуге дайын екенін білдірді", - деп Экология және табиғи ресурстар министрлігі таратқан хабарламада.

Қазақмыс бөлген қаражат көлдің экожүйесін зерттеуге, су ресурстарын тұрақты басқаруға, судың биоалуантүрлілігі мен сапасына мониторинг жүргізуге, сондай-ақ жұртшылықты ағартуға және хабардар етуге бағытталады.

Бұл жобаларды алдағы 5-10 жыл ішінде іске асыру Балқаш көлінің экожүйесінің жай-күйін жақсартуға, антропогендік әсерді азайтуға, жергілікті тұрғындар мен бизнестің экологиялық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ Балқаш-Алакөл бассейнінің табиғи ресурстарын тұрақты басқарудың тиімді моделін әзірлеуге көмектеседі деп жоспарлануда.

ҚазАқпарат