фото: https://www.istockphoto.com/
Дастарханымыздан қант жиі табылатындықтан аталған өнімнің қадіріне жете бермейтініміз рас. Шын мәнінде ел тұрғындарының қантқа деген сұранысы импорт арқылы реттеліп отырғанын қарапайым халық біле қоймас. Иә, әзірге өзге елдерге алақан жаюға мәжбүрміз. Десе де, Үкімет қол қусырып отырмай, бұл бағытта жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
Жамбылдағы зауыт жарылқай ма?
Бүгін Үкімет отырысында вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен қант зауытын салу бойынша инвестициялық ұсыныс таныстырылды. Жобаны «К-АгроХолдинг» және «Бәйтерек» холдингі жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Болашақ зауыттың орны Жамбыл облысында деп белгіленді.
Жобаға сәйкес, зауыттың өңдеу қуаты тәулігіне 8-10 мың тоннаны құрайды. Бұл – жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеуге және 130 мың тоннаға жуық қант өндіруге мүмкіндік береді деген сөз.
Сонымен қатар өңдеу қуатын арттыру үшін жұмыс істеп тұрған қант зауыттарына жаңғырту жүргізіліп жатқан көрінеді. Нәтижесінде жаңа зауыттың құрылысымен бірге Қазақстанға қант бойынша импортқа тәуелділікті кезең-кезеңімен төмендетуге және қант қызылшасынан тереңдете қайта өңделген өнімдерді шығаруға септігін тигізбек.
Жылына 507 мың тонна қант тұтынамыз
Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы республикада қантты ішкі тұтыну көлемі 507 мың тоннаны құраған. Жоғарыда жазғанымыздай, ел қажеттілігінің негізгі көлемі ЕАЭО елдерінен дайын қантты импорттау және қамыс құрағын өңдеу есебінен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда қант қызылшасын өңдеу бойынша жалпы тәуліктік қуаты 8,7 мың тонна және 2,4 мың тонна қамыс құрағын өңдейтін 4 қант зауыты жұмыс істеп тұр.
Белгілі болғандай, еліміздегі қант қызылшасы өнімі 460-500 мың тоннаны құраса, одан 50-75 мың тонна қант алуға болады екен. Жергілікті шикізаттан өндірілетін қант қажеттіліктің 10%-ын ғана қамтамасыз ететінін атап өткен жөн. Осыдан-ақ, импортқа деген тәуелділіктің деңгейін бағамдай беріңіз.
Қазақстан құрақты шикі-қантты Бразилиядан сатып алады. Ал дайын қант негізінен Ресейден жеткізіледі. Сарапшылардың пікірінше, елімізде қант өңдеу үшін жеткізілетін шикізат көлемін тез арада арттыру қиын. Себебі, негізгі өндіруші елдер америкалық құрлықта орналасқан. Теңіз көлігімен жеткізу, басқадай жағдайлар тең болғанда бірнеше айға созылуы ықтимал.
Әзірге ел Үкіметі инвестициялық жобалар шеңберінде мәселені шешуге кірісіп кеткені байқалады. Проблема түпкілікті шешілмесе де, импортқа деген тәуелділікті азайтуға жол ашылар...
https://smartnews.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через