Сыбайлас жемқорлықтың құрбаны болдым. Не істеймін? Заңгер жауабы

Сыбайлас жемқорлықтың құрбаны болдым. Не істеймін? Заңгер жауабы
фото: pixabay.com

«Сыбайлас жемқорлықтың құрбаны болдым». «Оған қарсы дәлелім жоқ», «Не істеймін?» Осы сұрақтарға заңгер Ғабит Өмірбектің жауабын беріп отырмыз, деп жазды baribar.kz.

1. Пара деген не?

Пара дегеніміз - қандай да бір мәселе тиімді шешілуі үшін лауазымды адамға берілетін ақша, бағалы қағаз, басқа да мүлік немесе мүліктік құқық. Заң бойынша, бұл - қылмыс.

2. Параның қандай түрлері бар?

Параның әкімшілік, тұрмыстық, іскерлік сияқты түрі көп. Ақша, банк чектері, бағалы бұйымдар, жылжымайтын мүлік, көлік - барлығын жатқызуға болады. Мысалы, құрылыс компаниясы басшысының қызметкерлерінен  өз үйінің жөндеу жұмысын жүргізуін талап етуі де сыбайлас жемқорлық болып есептеледі.

Пара көлемі екі айлық есептік көрсеткіштен асса, әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады.  Ал бір айлық есептік көрсеткіш болса, (3 063 теңге), ешкімге шағымдана алмайсыз.

Мектеп директорының қызметкерлерінен шоколад немесе гүл сыйлыққа алуы да пара болып есептеледі. Осыдан бір-екі жыл бұрын елімізде әкімшілік жауапкершілікке мектеп директорлары көп ілінді. Дегенмен мұғалімдер лауазымды тұлғалар қатарына жатпайды, сол себепті оларға берілген сыйлықтар пара деп есептелмейді.

3. Менен пара сұрады. Не істеуім керек?

Сізден пара талап етсе, дереу ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 call-орталығына хабарласыңыз.

Азаматтардан келіп түсетін арыз-шағымдар мен ұсыныстарды департамент қызметкерлері толық қарастырып, әр азаматтың өтінішіне құлақ асады. Сыбайлас жемқорлыққа тап болған немесе мәжбүрлеген жағдайда call-орталыққа хабарласып, болған оқиғаны баяндап, шағымдануға мүмкіндігіңіз бар.

Шағым айтып, хабарласқандардың жеке бас мәліметін құпия сақтауға кепілдік беріледі. Пара сұрағаны туралы дереу хабарлап, арыз жазған адамдарға ұсынған ақшаның 30% көлемінде сыйақы беру де қарастырылған.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқығын бұзу, соның ішінде заңсыз тексерулер мен мемлекеттік мекемелердің қызмет көрсеткені үшін заңсыз ақша талап ету фактілері туралы хабарлауға болады.

Фото pixabay.com.

4. Дәлел болмаса, не істеймін?

Әрине, заң бұзушы адам пара алатынын жария етіп айтпайды. Дәлеліңіз болмаса, онда алғашқы әрекетіңіз сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 call-орталығына хабарлау болуға тиіс. Біреудің пара сұрағанын дәлелдеу сіздің құзырыңызға жатпайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі әрі қарай пара талап еткен адамды бақылап, тергеу жұмысын жүргізеді. Білуімше, қазіргі таңда call-орталыққа сыбайлас жемқорлық бойынша тәулігіне орташа есеппен 18-20 қоңырау келіп түседі.

5. Жасырын түрде болған сыбайлас жемқорлық фактісін кімдер бақылайды?

Мемлекетке залал келмеген фактілерді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бақылайды.

Ал мемлекеттің қаржысын жымқырған жағдайда қаржы мониторинг агенттігі бақылауына алады. Осындай аса ауыр қылмыспен күресетін агенттікті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қадағалайды.

Қаржы мониторинг агенттігінің қызметкерлері мемлекетке опасыздық жасаған және сыбайлас жемқорлық фактісіне жол берген азаматтарды ұстайды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жеке тұлғалардан ақша талап еткен мемлекеттік қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғай алады.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыста делдал тараптар да болады. Олар пара беруші мен алушының ортасында жеткізуші қызметін атқарады. Бүгінгі таңда агенттіктің жүргізген тергеу нәтижелерінде көп делдал компания анықталып жатыр. Делдалдарға жаза жеңіл болуы мүмкін, бірақ оларға да қылмыстық кодексте жауапкершілік көзделген.

6. Параны берген және алған адамға қандай жаза бар?

Мемлекеттік қызметкерлер мен еліміздің азаматтары сыбайлас жемқорлық үшін әлеуметтік және қылмыстық жауапкершілікті түсінуі қажет. Қылмыстық жауапкершілік пара беру, алу, делдалдық, жәрдемдесу және пара беруге арандатушылар үшін көзделген.

ҚР қылмыстық кодексінің 367–бабы бойынша лауазымды қызметкердің пара алғаны үшін мүлікті тәркіленеді, белгілі лауазымды атқару немесе қандай да бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айырылады. Сонымен бірге әскери атақтарынан, мемлекеттік наградалардан айыру сияқты жазалар мен қосымша санкциялар қарастырылған.

Ал лауазымды адамның заңсыз әрекеті үшін пара алуы қылмыстық кодекстің 311-баптың 2-тармағы бойынша жауапқа тартылады.

Азамат құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органға пара бергені туралы ақпаратты өз еркімен хабарласа немесе мұны одан лауазымды қызметкер талап етсе ғана қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.

Фото pixabay.com.

7. Сыбайлас жемқорлықтың куәгері болған жағдайда не істеуім керек?

Қандай да бір жемқорлық фактісінің куәгері болсаңыз, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүгінуіңіз қажет. Ақпарат қылмыстың жасалған орны мен уақытына қарамастан ауызша және жазбаша да қабылдана береді. Аноним түрде хабарлауға да болады.

8. Сыбайлас жемқорлықпен күресу жолдары қандай?

Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халыққа құқықтық түсіндіру жұмыстарының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Азаматтар өз құқығын - қандай да бір заңға қайшы әрекетті көрсе, оған қандай шара, жаза қолданатынын білгені жөн. Қоғам пара беруден, алудан  түпкілікті бас тартса, елімізде бұл ұғым жойылушы еді.

Біздің елдегі басты проблеманың бірі - жалақы аз. Елімізде расымен де бір жалақымен өмір сүру қиын. Дегенмен адал еңбекпен келмеген ақшаның бәрі заңсыз екенін айтқым келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты түрлі іс-шара өткізуіміз қажет. Менің ойымша, мұндай шаралар мектептен басталғаны дұрыс. Жоғарғы класс оқушыларына арнайы психологиялық, қоғамға бейімделу курстарын өткізгеніміз жөн. Пара беру де, оны алу да пайда әкелмейтінін, оның қылмыс екенін түсінетін қоғамдық сана қалыптасуы қажет.