Қазақтың ұлттық тағамдарын күнделікті рационға кіргізу қажет пе?

Қазақтың ұлттық тағамдарын күнделікті рационға кіргізу қажет пе?
фото: https://yandex.ru

         Ежелден қазақтың ұлттық тағамдары құнарлы, пайдалы, әл береді деген пікір қалыптасқан. Алайда бүгінде халық арасында бұл тағамдар майлы, ұннан дайындалатын болғандықтан, адам ағзасына зиян деген әңгіме пайда болды. Бұл рас па? Ұлттық асты күнделікті рационға қосуға бола ма? 

Диетолог Салтанат Болатбекқызы: ең алдымен ұлттық тағамдар адам ағзасына қалай әсер ететінін түсіндірді. Оның айтуынша, ұлттық тағамдарды ата-бабамыз тұтынғандықтан, біздің ген ол тағамдарды таниды. Осыған байланысты, ағзамызға шетел өнімдеріне қарағанда, ұлттық тағамдарды қорыту жеңіл әрі пайдалы болады.

"Бұл ұлттық тағамдарды жиі тұтынуға алғашқы себеп. Әрине, бұл жерде тағамның түріне де қарау керек. Мысалы, авокадо мен қолдың сары майын салыстыратын болсақ, сары майдың пайдасы көбірек. Екеуі де пайдалы май түрі, бірақ біздің геніміз танитын тағам жақсы қорытылады және оны сіңіруге арналған фермент белсенді әрі жақсы бөлінеді", – деді ол.

Осы тұста Салтанат Болатбекқызы ұлттық тағамдарды зиянды және пайдалы деп екіге жіктеп, бауырсаққа ерекше назар аударды.

"Негізі ұлттық тағам қатарына бауырсақ, құрт, ірімшік, қымызды кіргізуге болады. Мұнда пайдасы жағынан ойлануды қажет ететін жалғыз тағам бар, бұл – бауырсақ. Бауырсақты майға қуырады, оның қамыры ақ түсті, жоғары сұрыптың ұнынан иленеді. Ал жоғары сұрыпты ұнның құрамында ешқандай пайдалы зат жоқ. Осының салдарынан, заманауи қоғамда артық салмақтан, екінші типті қант диабетінен, инсулинорезистенттіліктен зардап шегетін адам көп, аутизм, ЗПР, ЗРРР-ге шалдығатын бала саны көбейген. Яғни бүгінде адамдардың 80 пайызға жуығына емдік диетаны ұстану керек. Бұл статистиканы маған келетін науқастарға қарап айтып отырмын. Адамдардағы энергияның аз, кофеге тәуелді, мұның бәрі – белгілі бір дәрежеде осы ақ ұнмен байланысты. Мұндай кезде ақ ұнды тұтынуды уақытша шектеген дұрыс. Сондықтан ұлттық тағам арасынан зиян қатарына бауырсақты қоса аламын. Ал егер бауырсақты бір немесе екі айда аз мөлшерде жейтін болса, бауырсақтың зияны болмайды. Керісінше, апта сайын бауырсақ пісіріп, тіпті одан көп жейтін болса, зиянын тигізеді", – деді ол.

https://kaz.tengrinews.kz/