фото: pexels.com
Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы инфляция туралы мәліметтерді жариялады, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстандағы бір айдағы инфляция
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, тұтыну бағаларының айлық индексі қыркүйекте баяулап, 0,4 пайыз болды (тамызда - 0,6 пайыз). Ақылы қызметтердің бағасы 1 пайызға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 0,6 пайызға өсті. Азық-түлік бағасының индексі өзгеріссіз қалды.
Бір айдағы баға өсімі:
- жоғары оқу орындарында оқу – 10,3 пайыз;
- отын – 2,9 пайыз;
- тас көмір – 2,5 пайыз;
- қияр – 11,9 пайыз.
Бір айда бағаның төмендеуі:
- картоп – 13,5 пайызға;
- жүзім – 10,3 пайызға;
- пияз - 10 пайызға.
Қазақстандағы жылдық инфляция
Былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда тарифтер орталықтан жылытуға – 33 пайыз, суық суға – 29,4 пайыз, су бұруға – 24 пайыз, электр энергиясына – 23,7 пайыз, қоқыс шығаруға – 18,1 пайыз, ыстық суға – 17,4 пайыз, тарату желілері бойынша тасымалданатын газға 12 пайыз өсті.
Тұрғын үйді жалға алу төлемі 12,3 пайызға өскен. Баға кешенді демалыстарды ұйымдастыру қызметтеріне – 19,3 пайыз, байланыс қызметтеріне – 15 пайыз, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 12,9 пайыз, денсаулық сақтау қызметтеріне, салт-жора қызметтеріне – 11,6 пайыздан, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтеріне – 11 пайыз, жеке көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және жөндеуге – 10,5 пайыз, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне – 9,3 пайыз, білім беру қызметтеріне 8,7 пайыз жоғарылады. Жолаушылар әуе көлігімен жол жүру – 16,8 пайыз, таксимен – 12,2 пайыз, қалалық автобуспен – 11,7 пайыз, жолаушылар темір жол көлігімен 9,5 пайыз қымбаттаған.
Баға деңгейі дыбыс-бейне шолу жабдығына – 39,8 пайыз, отандық құрастырма жаңа жеңіл автомобильдерге – 31,5 пайыз, фармацевтикалық өнімдерге – 12 пайыз, киім және аяқ киімге – 10,7 пайыз, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 10 пайыз, жеке қолданылатын тауарларға – 7,6 пайыз, құрылыс материалдарына 6,3 пайыз өсті. Ағаш – 10,6 пайыз, тас көмір – 9,8 пайыз, сұйытылған газ баллондағы 9,2 пайыз қымбаттады.
Бағаның өсуі қызанақтарға – 28,2 пайыз, қиярларға – 22,5 пайыз, темекі өнімдеріне – 17,4 пайыз, минералды және ауыз суға – 14,4 пайыз, кондитерлік өнімдерге – 13,6 пайыз, банандарға – 12,9 пайыз, жұмыртқаға – 11,8 пайыз, салқындатылған сусындарға – 11,6 пайыз, жеміс және көкөніс шырындарға – 10,8 пайыз, картопқа 10,2 пайыз белгіленді. Бағаның төмендеуі ақ қауданды қырыққабатқа – 26,5 пайыз, қарақұмық жармасына – 22,5 пайыз, сәбізге – 12,8 пайыз, күнбағыс майына 12,1 пайыз байқалды.
Өңірлер бөлінісінде 2024 жылғы қыркүйекте инфляция жылдық мәнде орташа республикалық деңгейден асатын он бір өңірде қалыптасты, олардың ішінен ең жоғары – Астанада (10,3 пайыз), Маңғыстау (9,8 пайыз), Шығыс Қазақстан (9,2 пайыз) облыстарында.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через