фото: Александр Павский/Kazinform
«Қазақфильм» ұлттық киностудиясы түсірген фильмдер өз бюджетін ақтамайды. Компания бүгінде 95% шығынға батып отыр. Құйылған қаржының қайтарымы 5 пайызға да жетпейді. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының тілшісі хабарлады.
Мәселе жоғары аудиторлық палатаның тексерісі барысында анықталды. Коммерциялық тұрғыдан сәтті жобалардың жоқтығы, кассаның аздығы және фильм өндірісінің шектен тыс шығыны үшін студия талай жыл сынға ұшырап келеді. Аты аңызға айналған еліміздің басты киностудиясы қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тек бұрынғы табыстың орнын қарыз бен шешілмей келе жатқан түйткілдер басқан.
«Фильмдердің 90%-ын жеке продакшндар мен компаниялар түсіреді. Неліктен қазір мұндай кассалық тапшылық пайда болды. Бұл киностудияның бюджетке қарап қалғанының нәтижесі. Яғни, бюджет бар болса жұмыс істейді. Бюджет жоқ кезде жұмыс істемейді. Бұл киностудияға қатты әсер етеді, өйткені киностудия кезінде жылына 40 фильмге дейін түсірген», — деді Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы ақ президентінің м.а Айдар Омаров.
«Қазақфильм» қолдау көрсеткен 17 картинаға жалпы 14,6 млрд теңге бөлінді. Одан 695 млн теңге көлемінде қаржы түсті. Осылайша орташа экономикалық табыс — 4,8% деңгейінде қалып отыр.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша берешек сомасы 650 млн теңгені құрады. Ал, 2022 жылдың қорытындысы бойынша компанияның шығыны 2021 жылмен салыстырғанда 4,7 есе өсті. Шығын көлемі 800 млрд теңгеден асты. Бұл жерде басқару менеджменті қалай жүзеге асырылуда деген сұрақ туындайды», — дейді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Нұрлан Нұржанов.
2019 жылдан бері еліміздегі кино түсіру құзыреті заңды түрде Ұлттық киноны қолдау орталығына берілген. Бұрын киностудия тікелей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеген болса, қазіргі таңда қандай да бір фильм түсіру үшін тендерге қатысуы тиіс. Ал сала сыншылары фильмнің сәтті шығуы үшін өндірісін ретке келтіру қажет екенін айтады. Әйтпесе, кинотеатрлар сапасыз өнімді алмайды. Содан мемлекеттік тапсырыспен түсірілген фильмдер көбіне архивте шаң басып қалады.
«Қаржы бөлген кезде тек қана фильмдердің түсіріліміне ғана емес, сонымен қатар оның дистрибюциясына прокатына және жарнамасына алдын ала ойланып бөліну керек деп есептеймін. Егер ондай мүмкіндік болмаса заң жүзінде жекеменшік кинотеатрларды осы мемлекеттік тапсырыспен түсірілген фильмдерді көрсетуге міндеттеу керек. Біздің көрші мемлекеттер сияқты мемлекеттің өзіне тиесілі кинотеатрлар салынуы керек. Сонда ғана киномыз халыққа жетеді», — дейді киносыншы Дана Әмірбекова.
Мәдениет және ақпарат министрлігі киностудия жағдайын реттеу үшін Кино туралы Заңға өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Заң өзгерсе, киностудияға инвесторлар тартылады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через