фото: https://pixabay.com/ru/
"Өз ағамыз" туризмнің жаңа түрлерін қолға алды.
Таяуда ақпарат құралдары Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап, 2023 жылдың қорытындысында Қазақстанға жалпы саны 9,2 миллион турист келгенін жариялады. Бұл ел тарихында бұрын-соңды болмаған рекордқа айналатын еді. Алайда былтыр елімізде ешқандай халықаралық ірі іс-шара, жаһандық форумдар, фестивальдар болған жоқ. Бұл статистиканың мәнісін Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев түсіндірді.
"2023 жылы орналастыру орындарының, яғни қонақүйлердің, туристік базалардың қызметіне жүгінген қазақстандық ішкі туристердің саны 2022 жылмен салыстырғанда 647,5 мың адамға күрт артты. Соның арқасында ішкі турист болған қазақстандықтардың саны 7,545 миллион адамға жетті. Бұл пандемияға дейінгі кезеңдегіден де көп: 2019 жылы – 5,286 миллион қазақстандық ел ішін турист ретінде аралаған. Сонда 2023 жылы Қазақстанға 1 миллион 84,8 мың шетелдік турист келді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 156,8 мың адамға көп. Нақтылағанда, 2022 жылы 928 мың шетелдік республикаға саяхаттап қайтқан болатын", – деді ол.
Ал, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы Қазақстанға 2 миллиондай шетелдік турист келген.
Бұрын ТМД көлемінде туризм саласының сөзсіз лидері Ресей болатын. 2022 жылы санкцияларға ілігіп, оқшауланғалы Ресей көшбасшылық орыннан түсіп қалды. Көптеген елдің азаматтары Ресейді алыстан айналып өтуге тырысатын болды. Егер Қазақстан қазіргі қарқынын сақтаса, бірер жылдан соң Ресейді бұл салада басып озуы мүмкін. Өйткені 2023 жыл қорытындысында Ресейге небәрі 3,8 млн шетелдік турист келді. Оның көбісі – қытайлар, ирандықтар.
"2023 жылы Ресейге 3,8 млн шетелдік турист сапарлады. Олар елге шамамен 3,5 миллиард доллар әкелді. Біз бұдан зорды қалаймыз. 2024 жыл қорытындысында 5 миллионға дейін жеткізгіміз келеді", – деді Ресейдің вице-премьері Дмитрий Чернышенко.
Бұрын бұл статистика 10 миллионнан асатын. Аймақтың тағы бір лидері Беларусь саналады.
"2023 жылы біздің республикаға әлемдегі 150 мемлекеттен 6 миллионға жуық шетелдік қонақ келді. Бұл 2022 жылғыдан 15% көп", – деді таяуда Беларусь Ұлттық статкомитеті төрағасының орынбасары Тимофей Жигарев.
Алайда Беларусьтің ресми статистикасына жергілікті сарапшылары да сенбейді. Олардың пікірінше, статистиктер шекарадан жүк таситын жүргізушілер мен оларға ілесушілерді, тіпті шетелде жұмыс істеп, аратұра еліне оралатын төл мигранттарын саяхатшылар қатарына қосатын көрінеді.
Қалай болғанда, посткеңестік кеңістікте туризм саласының жаңа көшбасшысы пайда болды, ол – Өзбекстан. Өзбекстан Президенті жанындағы Статистика агенттігінің дерегінше, Өзбекстанға былтыр 7 миллионға жуық шетелдік турист келген.
"Шетелдік туристердің саны бойынша Өзбекстан әзірге тек пандемияға дейінгі кезеңдегі деңгейдің 98%-ына ғана жетті. Атап айтқанда, 2019 жылы елге жалпы саны 6,748 миллион шетелдік турист сапарлаған еді. Ал, 2023 жылы бұл көрсеткіш 6,626 миллион шетелдік туристті құрады. Бұл елімізде туристік саланың қалпына келе бастағанын куәландырады", – делінген хабарламада.
Осы мақсатта Өзбекстан ТМД аймағында алғаш болып, туризмнің жаңа түрлерін – әскери, ғылыми, өнеркәсіптік туризмді қолға алды. Тиісті бағдарлама келесі жылы іске қосылады.
Өзбекстан Туризм комитетінің түсіндіруінше, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, саяхаттың кем дегенде 5 жаңа түрі енгізіліп, белсенді дамытылады.
Біріншісі – өнеркәсіптік туризм. Оның аясында Дүниежүзілік банктің бағалауынша, посткеңестік кеңістіктегі экономикалық-өнеркәсіптік тұрғыдан ең қарқынды дамушы ел деп танылған Өзбекстан өзге елдермен тәжірибесін бөліспек. Олардың делегацияларын – ұйымдасқан іскерлік-туристік топтарын өндіріс процестермен таныстырады.
Екіншісі – геологиялық туризм.
"Дүниежүзінде алтынның, өзге құнды металдардың қалай өндіріліп, қалай өңделетінін, ақыр соңында қалай құймаға немесе әшекейге айналатынын білгісі келетін адамдар жетерлік. Алайда мұндай өндірістер сырт көзден жабық болады, арнайы күзетпен қорғалады. Осы орайда геологиялық туризм аясында біз алтын, бағалы металдар, асыл тастар, рудалар, басқа да минералды ресурстар өндірілетін кен орындарындағы технологиялық процесті жақыннан бақылауға мүмкіндік ұсынамыз. Туристер шахтаға түсе алуы үшін қолданыстан шығарылған геологиялық объектілер олардың қажеттілігіне сай қайта жабдықталады", – деді комитет мамандары.
Туризм комитеті мұндай туристерге тіпті қауіпсіз қашықтықтан тау жыныстарында жүргізілетін алапат жарылыстарды көрсетуге ниетті. Сондай-ақ тау бедерлері бойынша экскурсиялар ұйымдастырылып, мамандармен тілдесу мүмкіндігі ұсынылмақ.
Үшіншісі – ғылыми туризм. Оның аясында туристер Өзбекстан Ғылымдар академиясының ғылыми-зерттеу институттары жүйесін, лабораторияларын, обсерваториялары мен планетарийлерін аралай алады. Тур барысында шетелдік қонақтар өзбектердің сонау Ұлықбек мырза (1394–1449) заманынан бері ғылым мен техника саласында қол жеткізген жетістіктерімен танысады.
Төртінші түрі – әскери туризм. Ол қазіргі өзбек жеріндегі алғашқы мемлекеттер пайда болған кезден бергі құрылған ұлттық әскерлердің тарихымен және ерліктерімен байланысты киелі орындарды аралауды, соған қатысты жәдігерлермен, ескерткіштермен танысуды қарастырады. Өзбекстан өз тарихын біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырларда Хорезм, Согдиана, Бактрия сияқты тұңғыш мемлекеттерінің құрылуынан бастайтыны мәлім.
Сондай-ақ қазіргі өзбек солдаттары тұратын бөлімдерді аралап, өзбек жауынгерлерінің қазіргі тіршілігімен танысу іс-шаралары да көзделеді. Оның аясында туристерге ақылы негізде стенд ату, заманауи атыс қарулары түрлерінен ату сияқты қосымша қызметтер ұсынылады. Бұл қызмет үшін Өзбекстан Қорғаныс министрлігінің Ташкент облысының Қибрай қаласындағы спорт кешені бөлінген.
Бесінші түрі – мемлекеттік-басқарушылық туризм болмақ. Ол Өзбекстанның саяси өмірімен байланысты объектілерге бару бағдарламасынан тұрады. Мысалы, Америкада бекітілген кесте бойынша Ақ үйге де туристер кіре алады. Сол сияқты туристердің бір бөлігі Өзбекстан Президентінің қала сыртындағы "Көксарай" резиденциясында болғысы келуі мүмкін. Ал, бұрынғы Президент Ислам Кәрімовтің "Ақсарай" (Oqsaroy) резиденциясы бүгінде музейге айналдырылған, оған туристер онсыз да кіре алады.
Туризмнің бұл түрі Өзбекстанда мемлекеттік органдардың тарихымен және қызметімен байланысты нысандарды, соның ішінде Үкімет үйін және өзге ғимараттарды аралаудан тұрады деп күтілуде.
Туризм комитетінің баспасөз қызметінің түсіндіруінше, шетелдік және жергілікті туристерге келесі қызметтер де көрсетіледі:
"Жеңіс паркі" мемориалдық кешенінде, өңірлердегі "Даңқ", "Қарулы күштер" мемлекеттік музейлерінде және "Патриоттар" парктерінде әскери техникамен және қарумен жақын танысу,
Ақылы негізде Қорғаныс министрлігінің Жоғарғы спорттық жетістіктерді дамыту орталығының "Қибрай" спорт кешені базасында стенд ату және атыс қаруларынан атып көру және басқасы.
Өзбекстан шетелдік кіру туризміне серпін беру үшін тағы бір тың бастаманы қолға алмақ. Оған сәйкес, бұл елге келген жатжұрттық саяхатшылар "Адасып кетемін" немесе "Байланыссыз қаламын" деп қорықпайтын болады. Өйткені біріншіден, келесі 2025 жылғы 1 қазаннан бастап, алдымен Самарқанд халықаралық әуежайында Tourist map интерактивті порталы іске қосылады. Ол шетелдіктерді және тұрғындарды ішкі туризмнің инфрақұрылымдары туралы жан-жақты және көп тілде ақпараттандыруға арналған.
Екіншіден, Өзбекстан Цифрлық технологиялар министрлігі барлық халықаралық әуежайларда, теміржол вокзалдарында және шекаралық өткізу пункттерінде шетелдік саяхатшыларға жергілікті мобильді операторлардың туристік SIM-карталарын тегін тарата бастайды. Бұл жаңа тәжірибе бір ай ішінде енгізілетіні хабарланды.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через